Алматыда кеміргіштерге қарсы дәрілеу жұмыстары басталды

Алматыда жыл басынан бері 17 адамды атжалман тістеген. Абырой болғанда, ауру жұқтырып, қатты зардап шеккен адам жоқ. 
Алматыда кеміргіштерге қарсы дәрілеу жұмыстары басталды. Көпқабатты және жер үйлердің аулалары мен жертөлесіне химиялық қоспа шашылуда. Табиғат енді ғана оянғанымен, атжалмандар қазірдің өзінде 17 адамға тісін батырып үлгеріпті, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Көпқабатты 410 үйге қызмет көрсететін "Алматытұрғынүй" ЖШС зиянкестердің көзін құрту үшін жылына 4 рет дәрілейді. Мамандардың айтуынша, бір көпқабатты үйді толықтай залалсыздандыру үшін жылына 10 мың теңге жұмсалады екен. Яғни, аталған мекеме осы мақсатта жылына 4 млн теңгеден астам қаржы жұмсайды. Биылғы Алматыдағы аулалар мен жертөлені дәрілеу жұмыстары "Мамыр-3" ықшам ауданынан басталды. Химиялық қоспаны арнайы құрылғыға толтырған мамандар үй арасындағы көгалдарды, кіре берістерді және жертөлелерді залалсыздандыруда.

"Залалсыздандыру жұмыстарына қосымша үйлерде мезгілсіз апатты жағдай болып жатады. Солардың жұмысы біткен соң, кезексіз залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатады",- деді "Алматытұрғынүй" ЖШС бас инженері Қасқырбай Құрымбаев.

Алматыда жыл басынан бері 17 адамды атжалман тістеген. Абырой болғанда, ауру жұқтырып, қатты зардап шеккен адам жоқ. Қаладағы демалыс орындары мен қоғамдық жерлерді залалсыздандыру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп тұрады. Қала аумағының жыл сайын кеңеюіне байланысты бөлінген қаражат та артып отырады. Мәселен, 2015 жыл бойынша кеміргіштердің көзін жою үшін 38 млн теңге жұмсалған.

"Көктемде және күзде жылына екі рет осындай жою жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстардың мақсаты - кеміргіштердің санын қалыпты деңгейде ұстау. Халық үшін эпидемиологиялық жағынан қауіпсіз деңгейде ұстау",- деді Алматы қ. тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы Саят Қауметбаев.

Дәрілеу жұмыстары кеміргіштердің көзін толық жойып жібере алмайды. Тек қауіптің бетін 90 пайызға дейін азайтады. Сондықтан мамандар тұрғындардың өздерін де сақ болуға шақырады. Статистика бойынша жылына 40-қа жуық алматылық егеуқұйрықтан зардап шегеді екен.

Аршын Кемелжан, Валерий Таубалдиев
Фото: vse.kz
Актау Актобе Алматы Кызылорда Нур-Султан Семей
Следите за новостями zakon.kz в: