Алматыдағы 84 колледждің 32-сінде білім берудің дуальды жүйесі енгізілген. Бұл оқу орындары 2 мың маманды әзірлеу туралы 47 кәсіпорынмен келісімшарт жасаған, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Ал теория мен тәжірибені ұштастыра білім беру жүйесі енгізілмеген оқу орындарында білікті маман дайындау өзекті мәселе болып тұр. Бұл әсіресе теміржол саласына қатысты. Сарапшылардың бағалауынша, теміржолдардағы апаттардың 90 пайызы жас мамандардың біліксіздігінен болады. Жағдайды жақсарту үшін кәсіптік білім беру мекемесі мен Алматы кәсіпкерлер палатасы теміржол саласының мамандарын даярлауда білім берудің дуальды жүйесін енгізуді қолға алды. Алматы теміржол колледжінде өткен жиында маман даярлаудың жаңа жобасы таныстырылды. Шараның мақсаты - теория мен тәжірибені біріктіру ғана емес, жұмыс берушілердің ұсыныс-пікірлерін ескеру. Бұрын оқу орындары сала мамандарын жұмыс берушінің қандай да бір талаптарынсыз дайындайтын. Алдағы уақытта маман даярлау жаңаша бағыт алмақ. Сол үшін басқосуға Қазақстан темір жолының түрлі бөлімдерінің басшылары шақырылды.
«Барған балалардың жұмысқа деген бейімділігіне, оның қабілетіне талап қоятын – жұмыс беруші. Бұл талаптап өзіміздің профессионалдық стандартымыз»,-дейді Алматы қ. колледждер қауымдастығының президенті Жантілеу Әзизханов.
Фото:el.kz