Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов Рио олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынып жатқан Қытайдағы турнирде ақтық айналымға өтті, деп хабарлайды BNews.kz.
64 келіге дейінгі салмақтағы боксшымыз жартылай финалда жергілікті боксшы Цянксун Хумен қолғап түйістіріп, 3:0 (30:27, 30:27, 30:27) есебімен басым түсті.
Бұған дейін жартылай финалда сынға түскен 56 келідегі Қайрат Ералиев қарсыласына жол берді. Дегенмен, ол әлі олимпиада лицензиясы үшін жекпе-жек өткізеді.
Сонымен, Жүсіпов қазақстандық боксшылар арасынан Цяньандағы турнирдің ақтық айналымына өтіп, олимпиада лицензиясын иеленген алғашқы боксшы. Енді ол финалда моңғолиялық Чинзориг Баатарсух пен қырғызстандық Ермек Сакенов жұбының жеңімпазымен күш сынасады.
Алда тағы 5 боксшымыз шаршы алаңда өнер көрсетеді.
Фото:prosportkz.kz