Павлодарда химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Артем Федоровский «Нанотехнология – болашаққа талпыныс» атты Бүкілресейлік Х олимпиадада ұпай саны бойынша абсолюттік жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Бұл туралы агенттікке аталмыш білім беру мекемесінің баспасөз хатшысы Рымгүл Божақанова мәлім етті. Нанотехнологиямен айналысатын жастарға арналған білім додасында шетел мен Ресей елінің ең үздік 120 оқушысы бақ сынаған.
Артем химия, физика, математика және биология пәндері кешені бойынша бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, ол математика және биология пәндерінен ұсынылған тапсырмаларды мінсіз орындап, ең жоғары 100 ұпайға қол жеткізген. Олимпиаданың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Ресейдің ең мықты оқу орындарының бірінде жазбаша емтихансыз өтіп, білім алу ұсынылады. Мұндай мүмкіндікті Артем бірден ойланбастан қабыл алған.
«Біз Артем екеуміз 7-11 сыныптарда барлық наноолимпиаданың тапсырмаларын орындап, жобалар жасадық және түрлі деңгейдегі олимпиадаға қатыстық. Бұл - мен үшін жоғары деңгейдегі тоғызыншы олимпиада. Оқушымды жеңіс тұғырынан көргім келді. Енді сол арманым орындалды», - дейді химия пәнінің ұстазы Татьяна Абдрахманова.
Айта кетерлігі, аталмыш шарада зияткерлік мектептің намысын қорғаған 10 "G сыныбының оқушылары Динара Кәрімова, Әсел Ахметова және Аделия Мақашева да марапатқа ие болған.
Ақбота Сейсенбаева
Фото: pavlodarnews.kz