Алматылықтарға тегін көшеттер үлестірілуде. Оларды көпқабатты үй аулаларында, әлеуметтік нысандар маңында отырғызуға болады. Табиғат жанашырларына арналған бұл шара «Алма қала»деп аталады. Кез келген тұрғын сайтта ресми тіркеліп, қаладағы Ботаникалық бақтан өз көшетін ала алады, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Алматы - жасыл желекті қала. Әрбір алматылық экологияның жақсаруына үлес қосуы үшін қала әкімдігі, табиғат жанашырлары мен Ботаникалық саябақ жетекшілері бірігіп шара ұйымдастырды. Әрбір тұрғын өзінің көшетін арнайы сайтта өтініш білдіргеннен кейін ала алады. Ал, ұйымдастырушылар бес мың көшет дайындап қойыпты.
"Біз жапырақты көшеттер таратамыз. Өйткені қылқан жапырақты ағаштарды топырағымен алуға тура келеді. Олардың бағасы да жоғары. Сондай-ақ біз тез өсетін, күтімді қажет етпейтін ағаштарды бермейміз. Тұрғындар жанын салып баптайтын көшеттерді таратамыз",- деді «Ағаш отырғыз» жобасының авторы Дәурен Жолдасбаев.
Аталмыш шара екі апта бұрын басталса да, тұрғындар арасында қызығушылық танытып үлгерді. Осы уақытқа дейін 2 мыңға жуық көшет таратылған. Санына шектеу де қойылмапты. Содан болар, мектептер, балабақшалар және оқу орындарының ұжымдары көшеттерді жүздеп алыпты. Айта кетейік, көшеттерді Ботаникалық бақта кешкісін алуға болады. Бұл шарадан бөлек, Алматы қаласы бойынша көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары да қолға алынып жатыр.
"Биылғы қалада 45 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 230 мың шаршы метр гүл егу жоспарланып отыр. Оның ішінде 77 мың шаршы метр гүлді қалалық қаражат есебінен. Сондай-ақ жаңадан саябақтар жасау жоспарланып отыр. Жалпы бәрі жоспар бойынша жүргізіледі",- деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Мұрат Жексембаев.
Ал, жыл басынан бері қаланың жасыл желектері 8 мыңға артыпты. Бұдан басқа ағаштарды түрлі шіркейден қорғайтын жаңа биологиялық қоспа да пайдаланылмақ. Химиялық қоспадан айырмашылығы - ол әлдеқайда қауіпсіз ірі тиімді.
Азамат Әуезхан, Мұрат Тайжан
Фото:today.kz