«Сот кабинеті» сервисінде азаматтардың уақытын үнемдеу үшін жаңа функционал іске қосылды

Өтініш беруші өзі жолдаған өтінішінің қаралуы бойынша жеке кабинетіне келіп түсетін ақпараттар арқылы хабардар етіледі.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты «сот органдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу» мемлекеттік қызметін оңтайландыру мақсатында «Сот кабинеті» сервисінде жаңа «апостильдеу» функционалын іске қосты, деп хабарлайды zakon.kz, ҚР Жоғарғы Сотының Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйеніп.

«Апостильдеу» функционалы арқылы ресімдеуге тиісті құжаттарды алу үшін азамат сотқа сот актісінің көшірмесін беру туралы өтініш жолдайды.

Сот мұрағатынан қажетті сот актісі табылған жағдайда, оның көшірмесі өтініш берушінің жеке кабинетіне жолданып, Салық кодексіне сай, көшірмені алу үшін тиісті мемлекеттік баж салығын төлеу туралы ақпарат жолданады.

Егер қажетті сот актісі сот мұрағатынан табылмаса, ол туралы ақпарат өтініш берушіге жолданып, мемлекеттік мұрағатқа хабарласу қажеттігі ескертіледі.

Мемлекеттік баж салығы төленгендігі туралы мәлімет алынған соң, сот актісінің көшірмесі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаментіне апостиль қойылу үшін жолданып, ол туралы өтініш берушіге хабарланады.

Өтініш беруші Департаментке тиісті құжаттың жолданғандығы туралы мәлімет алған соң, Департаментке апостиль қою туралы өтініш жолдап, айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 50 пайызын құрайтын мемлекеттік баж салығын төлейді.

Сот актісінің көшірмесін берілуі үшін мемлекеттік баж салығын төлеу мен апостиль қою барысында сот органдарының ақпараттық жүйесінде автоматты түрде төлем құжаты қалыптастырылады. Сонымен қатар, «Сот кабинеті» сервисін пайдаланушы жоғарыда аталған баж салығын онлайн режимде төлеу мүмкіндігіне ие.

Тиісті сот актісінің көшірмесі түскен кезде Департаменттің жауапты қызметкері құжатқа мөр мен қолтаңба қойып, апостильдейді. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесінде апостильденген құжат өтініш берушінің қолына беріліп немесе пошта байланысы арқылы жолданады.

Сотқа сот актісінің көшірмесін беру туралы өтініш түскен сәттен бастап, апостильдеуге жататын құжаттың «Төрелік» ақпараттық жүйесі арқылы Департаментке келіп түсу сәтіне дейін Департаменттің жауапты тұлғасы жоғарыда аталған мемлекеттік қызметтің тиісті деңгейде әрі уақытылы көрсетілуін қатаң қадағалайды.

Мемлекеттік қызметтің көрсетілуін оңтайландыру оның қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Сот актісінің көшірмесін алу және оны апостильдеу үшін азаматтарға сот ғимараттарына келіп, қағаз құжаттарды алып келудің қажеті жоқ. Электрондық цифрлық қолтаңбасы бар азамат кез-келген жерден апостиль қою туралы өтінішін электрондық түрде жолдай алады.

Өтініш беруші өзі жолдаған өтінішінің қаралуы бойынша жеке кабинетіне келіп түсетін ақпараттар арқылы хабардар етіледі.

Фото: newskaz.ru



Следите за новостями zakon.kz в: