Бүгін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми Венециялық комиссияның сарапшыларымен кездесті. Кездесудің мақсаты – Венециялық комиссияға сараптамаға алдын ала жолданған Судьялардың жаңа әдеп кодексі жобасын (бұдан әрі - Кодекс) талқылау, деп хабарлайды zakon.kz, ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.
Қайрат Мәми Кездесудегі кіріспе сөзінде: «Венециялық комиссия бірнеше рет Қазақстан үшін өте маңызды құжаттарға сараптамалық талдау жасаған болатын. 2011 жылы ЕҚЫҰ ААҚДИБ мен Венециялық комиссия «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңы бойынша бірлескен қорытынды әзірленген болатын. Біздің сіздердің қатысуларыңызбен сот секторында қажетті өзгерістерге қол жеткізгеніміз маңызды. Сіздердің Әдеп кодексі жобасы бойынша берген ұсынымдарыңыз біз үшін маңызды болатынына сенім білдіремін».
Кездесу барысында Қ.Мәми шетелдік сарапшыларды еліміздің Президенті Н.Назарбаев жариялаған «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспары шеңберінде жүргізіліп жатқан сот жүйесіндегі реформалармен таныстырып өтті.
Әңгімелесу барысында тараптар Кодекс жобасы мен сот жұмысының басқа да мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесуді қорытындылай келе, Жоғарғы Сот Төрағасы Венециялық комиссия сарапшыларын жаңа Кодекс жобасына жүргізіп жатқан сараптамасы үшін алғысын білдірді.
Сол күні Венециялық комиссия сарапшылары Жоғарғы Сот судьясы, Сот жюриінің төрағасы М.Шегеновпен, Жоғарғы Сот судьясы, Судьялар әдебі жөніндегі комиссияның төрағасы Н.Қайыпжанмен кездесті. Бұған қоса, Конституциялық Кеңестің Төрағасы И.Роговпен, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы А.Смолинмен және Қазақстан Судьялар Одағының Төрағасы С.Байбатыровпен кездесті.
Еске сала кетейік, жаңа Кодекстің жобасы Ұлт Жоспарына сәйкес әзірленген. Онда сот корпусы мен ғалым-құқықтанушылардың ойлары мен көзқарастары ескерілген. «Судьялар мінез-құлқының Бангалор қағидаты», Сот билігінің тәуелсіздігі мәселелері бойынша Киев конференциясының ұсынымдары (2010 ж.) секілді басқа да халықаралық құжаттардың ережелері ескерілді. Жоба 5 тараудан және 33 баптан тұрады. Онда «Судьялар мінез-құлқының әдеп қағидаттары», «Кәсіби міндеттерін атқару барысындағы судьлар мінез-құлқының әдеп қағидалары», «Судьяның отбасы мен тұрмыстағы мінез-құлқының әдеп қағидалары» атты тараулар көзделген. Кодекс жобасы Жоғарғы Сот сайтында жарияланды. Оған кез-келген азамат өзінің ұсыныстары мен комментарийлерін ұсына алады.
Анықтама: Венециялық комиссияның құрамына Еуропа Кеңесінің 47 қатысушы-мемлекеті кіреді. Қазақстан Комиссияға 2011 жылдың қараша айында кірді. Өз жұмысында Еуропалық комиссия демократия, адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігі секілді Еуропа Кеңесі қызметінің бастауындағы үш негізгі еуропалық конституциялық құндылық қағидатын басшылыққа алады.