Бүгін Геннадий Головкин 34 жасқа толды

Әуесқой бокста 350-ден астам жекпе-жек өткізіп, соның төрт-бесеуінде ғана жеңілген. Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері. Жасөспірімдер және ересектер арасында әлем чемпионы.

Бүгін WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкиннің (34-0, 31 КО) туған күні. Атақты чемпионымыз 34 жасқа толып отыр, деп хабарлайды Baq.kz.

Геннадий Головкин 1982 жылы 8 сәуірде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Кеншілер қаласының солтүстік-шығыс бөлігінде бірнеше ықшам ауданнан тұратын Майқұдық тұрғын аймағы бар. Гена осы аймақтың он төртінші ауданында туып-өскен. Бокстан бұрын теннис және футболмен айналысқан. Ал бокс залына алғаш 9 жасында барады. Болашақ чемпионның бақытына орай Виктор Дмитриев секілді керемет бапкер жолығады. Сол кездері Головкинмен бір топта 100-ден астам бала шынығады. Генадан «неліктен боксты таңдадың?» деп сұрағанымызда, «мен енді Майқұдықтанмын» ғой деп әзілдеп, артынан былай деп жауап қатқаны бар: «Негізі Қарағандының бокс мектебі өте мықты. Әлемге әйгілі талай былғары қолғап шеберлерін дайындап шығарды. Оның үстіне ағаларым да спортқа жақын болды. Сондықтан мен де Қазақстандағы ең танымал спортты таңдадым. Бұл таңдауыма ешқашан өкінген емеспін» дейді чемпион.

Әуесқой бокста 350-ден астам жекпе-жек өткізіп, соның төрт-бесеуінде ғана жеңілген. Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері. Жасөспірімдер және ересектер арасында әлем чемпионы. 2002 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы.

Ал кәсіпқой бокста 34 кездесу өткізіп, соның барлығында жеңіске жеткен. Оның ішінде 31 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтаған. Енді, 23 сәуір күні америкалық Доминик Уэйдпен (18-0, 12 КО) кездеседі.

Геннадий өзгелер секілді шоу жасағанды ұната бермейді. Бос сөзден гөрі нақты іске жақын. Одан журналистер алдағы қарсыластары туралы сұраған кезде «He is good boy» деп қысқа ғана жауап береді екен.

Головкин сыртта жүрсе де, Қазақстанды үнемі айтып жүреді. Қазақ жерінде туып, әлемге танымал тұлғаға айналған спортшыларымыз жеткілікті. Бірақ олардың барлығы бірдей «мен Қазақстанда туып едім, сол жерде бағым ашылып еді» деп жүрген жоқ. Ал Гена туған жері мен еліне барынша адал. Атақ-даңқтың небір түріне қол жеткізсе де, ешқашан кір жуып, кіндік кескен жерін ұмытқан емес.

Константин Цзю, атақты кәсіпқой боксшы:

– Қазақстандық Геннадий Головкин – бұрынғы посткеңестік елдер арасында ең үздік кәсіпқой боксшылардың бірі. Ол Габриэл Росадо, Нобухиро Ишида, Мэттью Маклин, Кертис Стивенс секілді талай мықтыларды ұтты.

Шейн Мозли, WBA, IBO тұжырымдары бойынша экс-әлем чемпионы:

– Мен осыдан үш жыл бұрын Генамен спаррингтік кездесу өткізгенмін. Ол, шын мәнінде, өте мықты. Онымен бокстасып жатқанда, соққыларына қарап ауыр салмақтағы боксшы деп ойлап қаласың.

Мэттью Маклин, кәсіпқой боксшы:

– Геннадий – ұлы боксшы. Ол – менің қолғап түйістіргендерімнің ішіндегі ең мықтысы. Головкин – болашақтың боксшысы. Оның жарқын жеңістері әлі алда.

Фото:ztb.kz

Следите за новостями zakon.kz в: