Павлодар қалалық №2 соты «Любаша» дүкенінде мас жүк тиеуші мен полицейдің арасында болған қақтығысты талқылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Іс материалына сүйенсек, полицияға шағыммен дүкен иесі Любовь Гончаренко жүгінген. Азаматша дүкенде күзетші әрі жүк тиеуші болып жұмыс істейтін көңілдесі Александр Тарасовскийдің балағат сөз жаудырып, ыстық батарейге шүберек лақтырғанын және бөлменің ішін көк түтін басқанын айтқан. Сол кезде көмекке полиция лейтенанты Түсіпжанов келіп, ер адамға Павлодар қаласының ІІБ-не баруды ұсынған.
Алайда ішімдікке тойып алған азамат балағат сөздер жаудырған. Айғақ ретінде төбелесқордың қатысуымен түсірілген видео көрсетілді. Сотта ер адам өз қателігін мойындап, өкінетінін және қатаң жазаламауды өтінді.
- Сот оны ҚР ҚК-нің 378-бабы – «билік өкілін балағаттау» бойынша кінәлі деп танып, 25 АЕК көлемінде немесе 53025 теңге айыппұл тағайындады, - деді облыстық ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Жанар Жұматаева.
Омар Еркін
Фото: pavlodarnews.kz.