Алматыда А.Сызғанов атындағы Ұлттық Ғылыми хирургия орталығында 2 баланың бауыры ауыстырылды. Бұл туралы аталған медициналық мекеменің бас директоры Болатбек Баймаханов айтты. Отаға Аполло (Нью-Дели) ауруханасының профессоры Субаш Гупта қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өт жолдары артрезиясына шалдыққан 5 айлық Мұратбекова Асылайға донор болуға 33 жастағы тəтесі келіскен. Ота 8 сағатқа созылған. Операцияға екі команда қатысқан. Бірі донордың мүшесін алумен айналысса, екіншісі рецепиенттің басы қасында болған.
Дəрігердің айтуынша, Қазақстанда туылған 350 мыңнан аса баланың 15-20-сы осындай ақаумен дүниеге келеді. Əдетте олар 8-10 айдан артық өмір сүрмейді.
"Баланың қылдай тамырлары 15 жерден тігілді. Оны құтқармаған жағдайда 1 апта ғана өмірі қалған еді. Бала туылғанда өт жүретін жолдары бітік болады. Операциядан басқа шығар жол жоқ",- деді Б.Баймаханов.
Қазір баланың денсаулығы жақсы. Жансақтау бөлімінен шығарылды.
Криптогенді циррозға шалдыққан 7 жастағы Бостандық Исмаилға да немере əпкесі Аида донор болуға келіскен.
Отадан кейінгі 12 күн ішінде баланың денсаулығы қалыпты. Ешқандай асқыну жоқ. Ал донорлардың денсаулығы өте жақсы. Олар ауруханадан шығып кетті.
"2016 жылы Ұлттық орталық қызметкерлері алдына «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында балаларға бауыр трансплантациясын жасауды жолға қою міндет етілді. Бұл оталар Қазақстан медицинасының дамуы жоғары екендігін көрсетеді. Қазір ТМД елдерінің ішінде тек Украина, Беларусь, Ресейде жасалады. Бізге Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен трансплантацияға мұқтаж адамдар келеді. Соңғы кезде олардың саны күрт өсті. Өйткені, бізде ота құны өте арзан. 10 мың АҚШ доллары көлемінде. Ал Еуропада 100 мың еуро тұрады",- деді Ұлттық орталықтың бас директоры Б.Баймаханов.
Айта кету ерек, бұған дейін Қазақстанда 8 баланың бауыры ауыстырылған.
Алғашқы рет 6 жастағы науқас баланың бауыры Жедел медициналық көмек көрсету орталығында хирург О.Руммоның жетекшілігімен ауыстырылды. 2014-2015 жылдары Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығында 5 баланың бауыры ауыстырылды.
4 жыл ішінде Қазақстанда барлығы 800-ден аса трансплантациялық ота жасалды. Оның басым көпшілігі бүйрек, одан кейінгі кезекте бауыр, сосын жүрек ауыстыру жүзеге асты. Болашақта ұйқы безін ауыстыру жоспарланып отыр.
Маманның айтуынша, қазір кезекте Алматыда отаға мұқтаж екі бала тұр. Олардың біріне əкесі өз бауырының жартысын бермек. Ота келесі аптаға жоспарланып жатыр.
Гүлмира Ғосманәли
Фото: www.time.kz