Облыстық прокуратурада өткен брифингте облыс прокурорының аға көмекшісі Болат Төлеубаев жыл басынан бері облыстағы кәсіпорындар мен шаруашылықтардың жұмысшыларға еңбекақы қарызы 88 миллион теңгеден 6 миллион теңгеге дейін қысқарғанын айтты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
639 жұмысшы өзінің еңбекақысын алды. Болат Төлеубаевтың айтуынша, көптеген кәсіпорындар мен шаруашылық басшылары адамдар бақылау органдарына шағымданбайынша, прокуратура араласпайынша жұмысшыларының еңбекақысын төлеуге асықпайтын секілді. Жыл басынан бері жұмысшылардың 70 пайызы прокурор нұсқауынан кейін ғана өз ақшасына қол жеткізген.
Мысалы, «Север-птица» акционерлік қоғамының басшылары өзінің 293 жұмысшысына 24 милион теңге берешегін прокуратура тексерісінен кейін екі күнде тауып берген. Мұндай мысал жиі кездеседі. Көбіне адамдар ала алмаған еңбекықысы үшін өз құқын сотта қорғап алады. Осы жылдан бастап жеке тұлғалар үшін шығарған сот шешімін жеке меншік сот орындаушылары атқаратын болады. Прокурор аға көмекшісінің айтуынша, жеке меншік сот орындаушылары еңбекақы қарызын алып беруде тиімді жұмыс істеген. 88 миллион еңбекақы қарызының 13 миллион теңгесін осы жекеменшік сот орындаушылары алып берген.
Облыста 50 жекеменшік сот орындаушылары бар, олардың қырық шақтысы Қостанай қаласында. Олардың еңбекақысы қарыздар жағынан өндіріледі.
Нәзира Жәрімбетова
Фото: prokuror.gov.kz