Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында «Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоры» қоғамдық қоры лейкоз жəне сырқаттың өзге де ауыр түрлеріне шалдыққан балаларды қолдау бойынша «Мейірімділік арқылы бірлікке» қайырымдылық акциясын өткізді. Шара барысында ауыр дертке шалдыққан 55 балаға көмек көрсетілді, деп хабарлайды Bnews.kz.
Шараға ҚХА Хатшылығының өкілдері, ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаттары Зағипа Балиева, Юрий Тимощенко жəне ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ мүшелері қатысты.
Депутат Зағипа Балиева елімізде ауыр дертке шалдыққан балаларға мемлекеттен тиісті көмек беріліп жатқанын айтты.
«Өкінішке қарай, елімізде онкологиялық ауруға шалдыққан балалар көп. Сондықтан мемлекет оларды емдеу мен емдеуден кейінгі оңалтуға көп жағдай жасап отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы жəне мемлекеттік емес ұйымдар осы бағытта жұмыстар жүргізуде. Алдағы уақытта 4 кезеңмен осындай шаралар өткізіледі», - деді депутат.
Сонымен қатар, Зағипа Балиева «Асыл бала» республикалық қауымдастығы арнайы 100 млн теңгеге керекті құрал-жабдықтар алғанын атап өтті.
Акция барысында Орталыққа қажетті дəрі-дəрмек табысталып, балаларға сый-сияпат табысталды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, 5 жыл ішінде ҚХА қоры 500-ден астам балаға жəрдем берген. Сонымен қатар, ауыр дертке шалдыққан балаларға мемлекеттік емес ұйымдар мен демеушілер 59 млн теңгеге көмек көрсеткен.
Фото: siti-med.info