Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық сотында бес адамның өліміне себепші болған жүргізуші қамауға алынды. Қанат Жұмабеков кінәсін мойындамаса да, қаза тапқандардың туған-туысқандарынан кешірім сұрады, деп хабарлайды BNews.kz.
«Volkswagen Sharan» көлігінде отырған жолаушылардың бірі апат кезінде жүргізуші телефонмен сөйлесіп жатқанын айтты.
«Соқтығысар алдында спидометрдің тілі 120-140 км/сағ көрсетіп тұрғанын байқадым. Кейін қатты соқтығыс болып, жол ортасында шыр көбелек айнала бастадық», - деп еске алды Айдарбек Тұрғанбаев.
Қайрат Қожахметов жол апаты салдарынан бірден үш жақынынан – қызы, күйеу баласы мен 1-сыныпта оқитын немересінен айырылды.
«Қапелімде бүтін бір отбасы ажал құшты. Немерем апаттан кейін бірнеше сағаттан соң көз жұмды. Жүргізуші неге әлі бостандықта жүр», - деп ашуланды Қайрат Қожахметов.
Сот Қанат Жұмабековті сот залында тұтқындау туралы шешім шығарды. Ол ҚР ҚК 345-бабы 4-тармағы бойынша сотқа беріледі.
Естеріңізге салып өтсек, 17 қаңтарда «Орал-Ақсай» тас жолында «Volkswagen Sharan» көлігі «Лада Приорамен» соқтығысып, салдарынан 9 адам жапа шеккен еді. Оның үшеуі оқиға орнында тіл тартпай кетсе, тағы екеуі біраз уақыттан соң ауруханада жан тапсырды.
Фото: news.caravan.kz