Бензин не валюта бағамдары көрсетілген тақтайшалар сыртқы жарнама ретінде есептелмейді. Бұдан былай бағалар ілінген бағандар үшін кәсіпкерлер салық төлемейді, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Осылайша, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнеске бөгет болатын талаптарды қысқартуға қол жеткізді. Соның ішінде жарнама саласы да бар. Осыған дейін іскерлердің көшедегі тақтайшалары жарнама болып есептелетін. Сол үшін салық та төлейтін. Соның салдарынан ірі бизнеспен қатар көшірме, қағаз басып шығару сынды қызметтер ұсынатын шағын фирмалар да зардап шекті.
Тұрмыстық техника, қоғамдық тамақтану орталықтары және сауда саласындағылар ғана салықтан босатылады. Кәсіпкерліктің барлық субъектісінің өзін жарнамалайтын бағандары жарнама нысандарынан шеттетілді. Сәйкесінше, ақпарат тақтайшаларына да алым алынбайды. Елбасының өзі қол қойған құжат 22 сәуірде күшіне енеді.
Фото:almaty.tv