Ыстық суға қарыз алматылықтардың саны артты. "Алматы жылу жүйесі" кәсіпорнының дерегінше, жыл басынан бері 28 мың тұтынушы ыстық сумен қамту қызметі үшін төлем жасамаған, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Қордаланған қарыздың жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге жуық. Бұл 2015 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 300 млн теңгеге артық. Ал, коммуналдық мекеме мамандары борышкерлердің пәтерлерін ыстық су жүйесінен ажыратып жатыр. Бір ғана "Ақсай-3" ықшам ауданы бойынша 50 пәтер ыстық судың ақысын төлемеген. Әрбірінің қарызы 30 мыңнан 470 мың теңгеге дейін жетеді, тіптен соңғы үш жылдан бері көк тиын төлемегендер де бар екен.
"Пәтердің ыстық суын сырттан өшіру мүмкін болса, сырттан өшіріп мөрлейміз. Ал, су тетігі пәтердің ішінде орналасқан тұрғындардың ісін сотқа жібереміз. Жыл басынан бері 300 іс сотқа жіберіліп, оның 180-і бойынша шешім шығарылды. Сот үкімін орындау 16 жеке сот орындаушыға тапсырылды",-деді "Алматы жылу жүйесі" ЖШС бас директорының орынбасары Марина Хохлова.
Фото: www.gazeta.uz