Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) таратқан деректеріне қарағанда дүние жүзіндегі сауда айналымының 2,5 пайызын жалған тауарлар құрайтын көрінеді. Кез келген заттың заңсыз көшірмесін жасап, оны саудаға шығаратын мемлекеттердің көшін Қытай бастап тұрса, екінші орында Түркия тұр. Бұл туралы "Қазақстан" ҰТА, OECD есебінде айтылған мәліметтерге сілтеме беріп хабарлайды.
OECD зерттеулеріне сүйенсек бүгінде әлемдік сауда айналымындағы жалған тауарлардың жалпы құны жылына 500 млрд долларға жетеді екен. Әлем елдері импорттайтын жалған тауарлардың құны 2013 жылы 461 млрд доллар болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш әжептәуір өскен. Осылайша 17,9 трлн долларды құрайтын әлемдік сауда айналымының 2,5 пайызын жалған тауарлар құрап отыр.
Түрлі тауарлардың заңсыз көшірмесін жасап сатуға шығаратын елдердің көшін Қытай Халық Республикасы бастап тұр. Бұл ел жалған тауарлардың 63,2 пайызын шығарады. Ал, Түркияда мұндай тауарлардың 3,3 пайызы өндіріледі. Одан соң 1,9 пайыз көрсеткішпен Сингапур, 1,6 пайыздық үлеспен Тайланд, барлық жалған тауарлардың 1.2 пайызын шығаратын Үндістан мен бұл саудада 0,6 пайыз үлесі бар Марокко тізімге еніпті. Сондай-ақ, БАӘ, Пәкістан мен Мысыр да жалған тауар өндіретін елдердің қатарына кірген.
Жалған тауарлар айналымынан ең көп зиян көрген мемлекеттердің көшін АҚШ бастап тұр. Бұл елдегі тауар өндірушілердің 20 пайызы өздері шығарған өнімдердің жалған нұсқасынан зиян шеккен. Ал, Италия кәсіпорындарының 15 пайызы, Франция мен . Швейцарияның 12, Жапония мен Германияның 8 пайыз өндірушілері жалған тауар сататындардың кесірінен табыстан айырылыпты.
Бір атап өтетін жайт, жалған тауар өндіру ісі киім-кешек пен парфюмериядан бастап, машина жасау, химия өнеркәсібіне дейін жеткен. Әсіресе, әлемдік брендтердің жасанды көшірмесін жасау кең таралып отыр.
Фото: kaznews.kaztrk.kz