Астанада XIII Еуразиялық медиафорум жұмысын бастады. Күн тәртібіндегі басты мәселе – әлемдік экономиканың болашағы, экономикалық дағдарыстың салдары, түрлі кикілжіңдер, қақтығыстар мен оларды шешудің жолдары, деп хабарлайды «Қазақстан» ҰТА.
Шара барысында әлемдік саясатта салмағы бар бірнеше тұлға баяндама жасайды. Олардың арасында Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай, Риз Хан, Ұлыбританияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Джек Стро сынды танымал саясаткерлер бар.
«Мұндай ауқымды шараға шақырғандарыңызға алғыс айтамын. Бүгінгі аумалы-төкпелі қоғамда кейде кімге болысарыңды да білмейсің. Бірақ, дәл осы саяси пікір алаңында біраз шындық айтылады деп үміттенемін. Қазақстан – бүгінгі геосаяси аренада өз орнын қалыптастырып келе жатқан жас мемлекет. Бірақ, бағыты айқын. Сіздерге табыс тілеймін»,-деді Джек Стро.
Форум аясында делегаттар әлемдік экономикадағы дағдарыс, Таяу Шығыстағы өзгерістер, мұнайлы елдердің жаңа имиджі мен «brent» туралы пікір алмасады.
Форум жұмысына 400-ден астам делегат келді. CNN, ИТАР-ТАСС, НТВ сынды белді БАҚ өкілдері де тікелей репортаждар таратады.
Фото: meta.kz