Соңғы екі жылда елімізде жол апатынан қаза болғандар саны 5 мың 308 адамды құраған. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Бектас Бекназаров соңғы жылдардағы еліміздің жолдарындағы апаттылық мәселесіне алаңдаушылық білдіре отырып, осылай мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Сенатордың айтуынша, 2014-2015 жылдары республикамыздың жолдарындағы орын алған жол-көлік апатынан 55 мыңнан астам адам жапа шегіп, 5 мың 308 адам көз жұмған. «Мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілер санының соңғы жылдары өсіп отырғаны ерекше алаңдатады. Дәл осы ішімдік ішіп, жол-көлік оқиғасын тудырған жүргізушілер кінәсінен жапа шегушілер қайғылы салдарға ұшырап жатады. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігінің мәліметтері бойынша автокөліктерді мас күйінде басқару динамикасы соңғы бес жылда өсіп отыр.
Мәселен, 2011 жылы ішімдік ішкен күйі көлік жүргізген - 260 факт, 2012 жылы - 424, 2013 жылы - 584, 2014 - 502, 2015 жылы - 498 оқиғасы тіркелген. Ал бұндай құқық бұзушылықтың негізгі көрсеткіші тіркелмей қалатыны да, олардың қоғамға аса қауіп тудыратыны да түсінікті», - деді сенатор Б. Бекназаров. Соған байланысты депутат мұндай жағдай ішімдік ішіп, есірткіге еліккен күйі көлік басқарған жүргізушілер жауапкершілігін арттыратын бірқатар ұйымдастырушылық шараларын қабылдауды талап ететінін жеткізді. «Егер жағдай одан да түзелмесе, онда қатал шаралар қабылдауға көшу керек», - деді сенатор.
Фото:today.kz