Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев испандық бизнес-делегациямен кездесу өткізді. Бұл туралы zakon.kz, primeminister.kz таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында өндірістік, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екі жақты қазақстандық-испандық қатынастарды одан әрі нығайту мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Бақытжан Сағынтаев Испания Қазақстан үшін Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптес екенін баса айтып, испандық кәсіпкерлерді қазақстандық нарықты белсенді игеруге шақырды. Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Қазақстандағы ортақ жобаларды іске асыруға, оның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігін қолдана отырып жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.
Тараптар екі жақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және екі ел арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге зор әлеуетті атап өтті.
Кездесуге Talgo, Airbus Defense & Space, Eptisa, Ineco, Eurofinsa және басқа да компаниялардың өкілдері қатысты.
Фото:ortcom.kz