Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Достық елшісі» атағын мақұлдады, деп хабарлайды Baq.kz.
Мінбеге «Street Workout» халықаралық ұйымның жетекшісі Денис Минин шыққан кезде Президент:
«Бұл өзі қандай спорт? Мен сан түрлі спорт түрлерімен айналыстым. Бірақ «street» және «work»...ол қай спорт?», - деп сұрады. Д.Минин «Street Workout» ұйымы жайында айта келе: «Бұл үлкен халықаралық жанұя. Әлем бойынша 4 миллионнан астам адам Street Workout-пен айналысады. Айтпақшы, ол жанұяның құрамында қазақстандықтар да бар. Мәселен, Жалғас Тайкенов бес жасында автобустың астына түсіп, бір аяғынан айырылып қалды. Ол workout-пен кәсіби түрде айналысып, қазіргі кезде Рио-де-Жанейрода өтетін Параолимпиадалық ойындарға жолдама алды. Workout рухы биік азаматтарды тәрбиелейді», - деді Д.Минин.
Спорт шебері өзінің Украинадан келгенін жеткізіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының кез келген мемлекетте бейбітшілік пен келісімнің озық үлгісі бола алатынын ерекше атап өтті.
«Сол себепті біз осы тәжірибені пайдаланып, жастарды спорт арқылы біріктіреміз. Қазақстанда спорттық ассамблеяны құрудамыз, болашақта оны әлем бойынша таратамыз. Осыған байланысты мен «Қазақстанның достық елшісі» атағын тағайындауды ұсынамын. Сол атақтың бірінші елшісі болуға дайынмын», - деді Д.Минин.
Президент оған: «Жарайды, келістік. Осы жерде шештік дей бер», - деп жауап берді.
Фото:akorda.kz