СҚО-да су тасқыны салдарынан адам шығыны болған жоқ – ТЖК

Барлығы республика бойынша 1 млн 700 мыңнан астам текше метр су сорылып шығарылды. 5 мыңнан астам адам су зардабын жоюға жұмылдырылған болатын.

Қазіргі таңда су басқан аудандарда жағдай тұрақты. Алайда бұл аумақта төтенше жағдай режимі сақталып отыр. Су тасқыны салдарынан адам шығыны тіркелген жоқ. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Bnews.kz.

«Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Тайынша, Есіл, Айыртау, Аққайың, Тимирязев, Қызылжар аудандарында және Петропавловск қаласында төтенше жағдай режимі су тасқыны кезеңі біткенше сақталады. Алайда аумақтағы жағдай тұрақты», - деді ол.

Сондай-ақ, ресми өкіл көктемде болған су тасқыны барысында қандай жұмыстар атқарылғанына тоқталды. Әрі табиғаттың тосын мінезі салдарынан адам шығын болмағанын баса айтты.

«Барлығы республика бойынша 1 млн 700 мыңнан астам текше метр су сорылып шығарылды. 5 мыңнан астам адам су зардабын жоюға жұмылдырылған болатын. Жалпы су тасқыны кезеңінен бастап, яғни 20-сы наурыздан бері 200 мыңнан астам қап пайдаланылған. Ол уақытша дамбаның қызметін атқарады. Өзен арналары қалпына келген соң, бұл дамбалар алынып тасталады. Әрі су тасқыны кезінде адам шығын болған жоқ», - деді Р.Иманқұлов.

Фото:www.kazakhstanzaman.kz

Следите за новостями zakon.kz в: