ҚР Парламенті Сенаты жалпы отырыста ҚР Президентінің Бас прокурор лауазымына Жақып Асановты тағайындау туралы шешіміне келісім берді, деп хабарлайды BNews.kz.
«Дүйсенбі күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Асхат Дауылбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР бас прокуроры қызметінен босатылды. Конституция талабына сәйкес Президент ҚР бас прокурорын тағайындауға келісім беру үшін Сенатқа ұсыным енгізеді», - деді ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысының үндеуін оқи отырып.
«ҚР Конституциясының 44-бабының 4-тармақшасына, 55 бабының 2 тармақшасына сәйкес Жақып Қажманұлы Асановты ҚР бас прокуроры лауазымына тағайындауға келісім берулеріңізді сұраймын», - деп аталып өткен үндеуде.
Жақып Қажманұлы Асанов 1963 жылдың 17 тамызында Қызылорда қаласында туған.
С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1985), мамандығы – «Құқықтану».
1985 жылдан – Қызылорда облыстық қорғаушылар коллегиясының стажері.
1986 жылдан – Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі міндетін атқарушы, прокурордың аға көмекшісі, Қызылорда облысы прокуратура бөлімінің бастығы.
1993 жылдан – жалпы бақылау басқармасының аға прокуроры.
1993 жылдың қазан айынан – ҚР Бас прокуратурасының жалпы бақылау басқармасының бақылау органдарында банктер, қаржы-несие қатынастары туралы заңнаманың орындалуын қадағалау бойынша бөлім бастығы.
1995 жылдың қараша айынан – кеңесші.
1996 жылдан – ҚР Президенті әкімшілігінің заңнама, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінің сектор меңгерушісі.
1996 жылдан – ОҚО бойынша салық полициясы басқармасы бастығының бірінші орынбасары.
1997 жылдан – ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі, бастықтың орынбасары, әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы, ҚР Бас прокуратурасының мемлекеттік органдар іс-әрекетіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы.
2001 жылдан – Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары.
2002 жылдан – Павлодар облысының прокуроры.
2003 жылдан – ҚР Әділет вице-министрі.
2005 жылдан – «Атамекен» одағы» ҚҰЭП атқарушы директоры.
2005 жылдың маусым айынан 2006 жылдың наурыз айына дейін - «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.
2007 жылдан – «Ордабасы» корпорациясы» АҚ президенті.
2007-2011 жж. – «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
2012 жылғы қаңтардан бастап – «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
2012 жылдың қыркүйегінен бүгінге дейін - Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары.
Фото:www.almaty.tv