Отан алдындағы әскери борышын өтеуден жалтарып жүргендердің дені базарларда жұмыс жасайды. Сондықтан Астана қалалық қорғаныс істері жөнінде қызметкерлер мен жергілікті полиция сауда орындарының маңынан күніне 100-ге тарта 18-ге толған азаматты ұстап, қолдарына әскерге шақыру қағаздарын береді. Олар белгіленген мерзімде әскери мекемеге бармаған жайғдайда, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді, деп хабарлайды «Хабар» агенттігі.
Тіркеуге тұрмастан Астана, Алматы сынды ірі қалаларда күнделікті нәпақасын тауып жүрген азаматтардың санын кесіп айту қиын. Тексеру барысында отан алдындағы борышын өтеу жайында мүлде ұмытып кеткендей әсер қалдырған жігіттер болды.
Әскерге барудан саналы түрде қашып жүргендері де бар. Алайда шақыру қағазы мен бірнеше ескертуді елемегендер үшін жаза қатаң.
«Айталық, әскерге шақыру комиссиясына келмей жүрген азаматтар бұл жағдай анықталған кезде 1000 айлық көрсеткішке дейін айыппұл салыну мүмкіндіктері туындап отыр. Қазіргі таңда бұл 2 млн теңге. Сонымен қатар қасақана бұлтарған жағдайда 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жағдайы да туындайды», - дейді Астана қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Ғани Артықов..
Мәселені шешу үшін қорғаныс саласы мамандары қаладағы компаниялар мен кәсіпорындардың кадр бөлімдерімен ынтымақтастық орнатқан. Алайда бірлесіп жұмыс істеуге құлықсыздары да бар. Мәселен, былтыр 8 компания 9 млн теңге көлемінде айыппұл төлесе, биыл 14 кәсіпорын жазаланды.
«Біраз ұйым бұл мәселеге жіті көңіл бөлмей отыр. Заң талаптарын бұзған ұйымдарға 5 млн-ға дейін айыппұл салынды», - деп атап өтті Астана қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Ғани Артықов.
Әскерге жарамды азаматтарды іріктеудің өзі оңай шаруа емес. Себебі психологиялық, спорттық дайындықтардан бөлек, денсаулығында кінәраты бар жастардың қатары артқан. Олардың дені сколиоз, асқазан, көз аурулары мен семіздіктен зардап шегеді. Салдарынан Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған азаматтардың 70 пайызы әскерге жарамсыз, ал қалғаны құлықсыз.
Фото:zhasorken.kz