Жалған жарнамаға сеніп, «кірпіш аламыз» деп сан соғып қалған адамдардың саны артуда. Соңғы дерек бойынша, тәртіп сақшыларына алаяқтардың құрбаны болған 20-дан астам адам ресми түрде арыз жазыпты. Ал, өздерін «Отар строй» компаниясы атап, «арзан бағаға кірпіш жеткізуге» уәде берген жалған кәсіпкерлер қазір іздестірілуде. Бұл іс Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-тармағы бойынша, яғни аса ірі көлемде алаяқтық фактісі бойынша тіркелді. Алматы полициясы алаяқтардың қанша адамды алдап, қанша қаржыны жымқырып кеткенін анықтауда. Құзырлы орган зардап шегушілердің саны әлі де өсуі мүмкін дейді. Бұл туралы Алматы теларнасы жазды.
"Қазіргі таңда бұл істі тергеуге және болған деректің анық-қанығын жіті тексеруге арнайы тергеу тобы құрылды. Ол қызметкерлер жеке мекеменің басшылығын анықтайтын болады және оларды міндеттерді дер кезінде келісімшартта көрсетілгендей атқармаудың себеп-салдарын анықтайды. Алаяқ фактісі дәлелденген болса, міндетті түрде кінәлі адамдар жауапкершілікке тартылатын болады",- деді Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек.
Айта кетсек, күні кеше Алматыда сөз жүзінде "жұмыс істеген" кірпіш зауытының былығы әшкере болды. Сапалы әрі арзан кірпіш іздеген тұрғындар "Отар строй" атты кірпіш зауытының қаладағы офисімен келісімшарт жасап, ақшаларын санап берген. Зардап шегушілердің ең азы екі жүз сексен, алды бір миллион теңгеге дейін алдын-ала ақша төлепті. Алайда мұндай зауыт мүлдем жоқ болып шыққан. Алаяқтар уақытша кеңсе жалдап, жалған мөр мен құжатты пайдаланған. Нәтижесінде, жұрттың ақшасын үптеп, табанын жалтыратыпты.
"Интернеттен тауып,кірпіш осындай-осындай баға деп келісіп, біз сөйлестік. Сонан кейін ақшасын бірден төлеңіздер, шетінен алуға болмайды деді. Сонымен ақшасын бірден құйдық, 45 мыңға 585 мың. Майдың 5-інен бастап күніне 5 мыңнан, 10 мыңнан тасып береді деді",- деді Руслан Әлімқұлов .
Фото:olx.kz