Қаржы министрлігі Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінен Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға 1 млрд доллар көлемінде қарыз тартпақшы, деп мәлімдеді бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ведомство басшысы Бақыт Сұлтанов. Бұл туралы , primeminister.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме беріп хабарлайды.
«Ағымдағы жылдың 1 ақпанында қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасында 1 млрд АҚШ доллары сомасына қарыз туралы Келісімге қол қойылды. Аталған қарыз 2016 жылғы бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалады», - деді Б.Сұлтанов.
Оның айтуынша, ағымдағы жылғы бюджет тапшылығы 1%-ды құрайды.
Негізінен біз Дүниежүзілік банкпен келіссөздерді 2 млрд доллар көлемінде жүргізген болатынбыз. Сондықтан, бірінші кредит бойынша 1 млрд доллармен шектеліп отырмыз. Дегенмен, алдағы уақытта еліміз үшін тағы 1 млрд доллар алуға қажеттілік туындаса, онда біз оны тарта аламыз. Қазірше мұндай қажеттілік туып отырған жоқ», - деп атап өтті ол.
Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы сәйкес келісімді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары ратификациялады.
Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісім Астанада 2016 жылғы 17 ақпанда жасалған болатын. Ол бойынша Дүниежүзілік банк Қазақстанға макроэкономикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілін арттыру саясатын қаржыландыру үшін 1 млрд доллар мөлшерінде қарыз береді. Қарыз қаражаты елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының және ҚР Үкіметінің экономиканы ынталандыру және экономикалық өсімге көмектесудің стратегиялық шараларын орындауың негізгі басымдықтарын қолдауға мүмкіндік береді.
Бұл қарызды 2,5 жыл жеңілдік кезеңін қосқанда 20 жыл ішінде жабу көзделген. Сыйақы мөлшерлемесі - ЛИБОР+ ауыспалы спред, бір реттік комиссия - жылына шешілмеген қарыздан 0,25%.
Фото: newskaz.ru