Павлодарда бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Аман Қазанқапов 75 келі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды zakon.kz, ТарМПИ Ақпараттық-имидждік қызметі берген ақпаратқа сілтеме беріп.
Финалдық айқаста ол түрікмен Нурягди Нурягдиевпен қолғап түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жекте отандасымыз 3:0 есебімен ұтып кетті. Құрлықтық сайыста аталған салмақ дәрежесі бойынша Үндістан, Иордания, Иран, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Сингапур, Сирия, Тәжікстан, Таиланд, Түркменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Филиппин және Жапония мемлекеттерінің мықты спортшылары бақтары мен баптарын сынады.
«Жарыста жеңіске жеткен жігіттер Токиода ұйымдастырылатын Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алады. Бұл спорт додасы – жаңа есімдерді халыққа танытып, бокстағы жаңа жұлдыздарды жарқыратпақ», деді КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Еуропаның екі дүркін чемпионы, Әлем кубогының екі дүркін иегері, Азия бокс конфедерациясының президенті Серік Қонақбаев.
Айта кетейік, Аман Қазанқапов бұған дейін Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы ХV халықаралық турнирде, Лондон ойындарының чемпионы Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған мықтылар турнирінде жеңімпаз атанған болатын. Оны жарысқа Нұрлан Сейдалиев дайындады.