Алматыда перзентін 2000 долларға саудалаған ана 10 жылға сотталуы мүмкін

Бұл биылдыққа алғаш тіркелген бала сату дерегі. Құзырлы мекеме мәліметінше, Алматыда бала сату дерегі жиі тіркеледі.

Алматыда туған перзентін 2000 АҚШ долларына саудалаған безбүйрек ана мен оның сыбайласы қолға түсті. Тәртіп сақшылары қылмыскерлерді қала көшелерінің бірінде ақша алып жатқан жерінде ұстады, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Белгілі болғандай, Жамбыл облысы Меркі ауданының тұрғыны 1991 жылғы азаматша өзінің 1 жас 3 айлық қызын материалдық мүдде үшін Алматыға келіп саудалапты. Оған баланы сатуға 51 жастағы таныс әйел көмектескен. Перзентін саудаға салған ана мен оның сыбайласы кішкентай қызды әуелі 11 мамыр күні 50 мың теңгеге жалғызбасты келіншекке сатқан. Кейін қомақты қаржы ұсынған сатып алушы табылғандықтан, қос келіншек баланы кері қайтарып алып, келесі клиенттен 2000 АҚШ долларын талап еткен. Тәртіп сақшылары сәбидің тағдырын саудаға салғандарды қылмыс үстінен қолға түсірді. Баланы сатып алушыны тапқан делдал әйел 470 мың теңге, ал сәбидің туған анасы 200 мың теңге алған көрінеді.

"Қазір мәлім болғандай, Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің тергеу басқармасында сот алды тергеу амалдары басталып кетті. Екі азаматша уақытша оқшаулау абақтысына қамауға алынды. Бұл аса ауыр қылмыс болып табылады, сондықтан бұл азаматшалар міндетті түрде адам саудалағаны үшін, баланы саудаға салғаны үшін заң алдында жауап беретін болады. Бұл бап бойынша он жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделеді",- дедіАлматы қаласы ІІД ресми өкіліСалтанат Әзірбек.

Бұл биылдыққа алғаш тіркелген бала сату дерегі. Құзырлы мекеме мәліметінше, Алматыда бала сату дерегі жиі тіркеледі. Былтыр екі сәбиді саудалау қылмысы әшкереленді. Соның бірі жаңа туған сәбиін перзентханадан шыққан бойда 150 мың теңгеге бағалаған Өзбекстан азаматшасы еді. Қазір ол өзіне кесілген сот жазасын өтеуде.

Фото: almaty.tv

Актау Актобе Алматы Кызылорда Нур-Султан Семей
Следите за новостями zakon.kz в: