Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен Лугано қаласының мэрі Марко Боррадори сауда, экономика, ғылым, технология салаларында ынтымақтастық туралы, сондай-ақ мәдени өзара түсіністікті ілгерлету мен екі қала арасында іскерлік байланыстар үшін қолайлы жағдайлар жасауға меморандум жасады, деп хабарлайды BNews.kz.
Атап айтсақ, келісім аясында тараптар агломерацияны дамыту, қала экономикасын дамыту, құрылыс, қоғамдық көлік, өндіріс пен инновациялар, туризм, спорт, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, сауда, қоршаған ортаны қорғау, коммуналдық қызмет және басқа да салаларда ынтымақтастық орнатады.
Әкім Қазақстан мен Алматының еуропалық сыртқы сауда әріптестері арасында Швейцария ерекше көзге түсетінін атап өтті. Мәселен, бүгінгі таңда Алматыда Швецариямен бірлескен 37 кәсіпорын және шетелдік капиталдың қатысуымен 91 кәсіпорын жұмыс істеуде.
Өз кезегінде, Лугано мэрі Алматының, әсіресе, қысқы спорт түрлерінен, туристік орталық болуына мүмкіндігі зор екенін айтты.
«Қаланы алғаш көріп, керемет әсерде қалғанымды айтқым келеді. Алматының туризм саласында болашағы зор. Сіз келтірген мәліметтер мен қаланың мыңжылдық тарихы дамудың үлкен перспективаларына мүмкіндік береді», – деді М.Боррадори.
Фото:365info.kz