Павлодар облысында жалпы орта білім беретін 72 мектепте 2016-2017 оқу жылдары элективті курс және үйірмелер түрінде робот техникасы пәнін енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітова мәлім етті.
- Білім беру министрлігінің жоспарына сәйкес қалалар мен аудандардағы мектептерде робот техникасы сатып алынады. Осыған байланысты өңірде информатика пәнінен сабақ беретін 102 ұстаз жазғы маусымда арнайы курста білімін арттырады. Бүгінде өңірдегі жеті білім беру мекемесінде робот техникасы саласы енгізілген. Бұл – Павлодар қаласындағы көлік және коммуникация қолледжі, бизнес колледжі, дарынды ер балалар мен қыздарға арналған қазақ-түрік лицейлері, Назарбаев Зияткерлік мектебі, оқушылар сарайы және Екібастұз қаласындағы «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту орталығы , - деді Б. Бексейітова.
Басқарма ұсынған ақпаратқа сүйенсек, робот техникасы пәнін енгізудің басты мақсаты – осы салаға баланы жастан бейімдеу, қосымша білім беру және техникалық мамандарды дайындау. Аталмыш инновациялық пән кешенді оқыту жабдығы арқылы екі кезеңмен 5-7 және 8-11 сыныптарда өткізіледі.
Ақбота Сейсенбаева
Фото:vse.kz