Алматыда 200-ден астам жеке тұрғын үйге жер көшкіні қаупі төніп тұр. Бұл туралы бүгін Алматыда жауын-шашын салдарын жою жұмыстарына байланысты өткен баспасөз мәслихаты барысында «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің Алматы қалалық эксплуатациялық басқармасының бастығы Ринат Әміржанов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат ХАА.
«Алматыда үш аудан: Наурызбай, Бостандық және Медеу аудандары, сондай-ақ, «Сұлусай» мен «Көлсай» ықшам аудандары, тағы бірқатар саяжайлық қоғамдарда орналасқан саяжайлар жер көшкіні қаупі төніп тұр. Біз қазір тұрғындарға 200-ден астам хабарлама таратып қойдық. Яғни, әрбір үйге, аулауға кіріп тұрғындардың қолына ұстаттық. Бұл үйлердің тұрғындары қауіпті жағдай туындаған жағдайда үйлерін тастап шығулары тиіс. Бұл үшін қажет жағдайда арнайы орындар, мысалы, мектептер әзірленеді», - деді өз сөзінде Р. Әміржанов.
Сонымен қатар, ол 28 сәуірден күні бүгінге дейін Алматыда жауын-шашын салдарынан 38 сырғыма орын алғандығын жеткізді.
«Алматының жоғары жақтарында айналдырған 20 шақты күннің ішінде 38 лай көшкіні болды. Жолдарға, сайларға, үйлерге қарай опырылып құлаған жер қыртысының көлемі 7 230 текше метрді құрады. Бір жағдайда лай көшкіні Ақсай өзеніне сырғып, өзен арнасын жауып қалса, тағы бір жағдайда «Сұлусай» ықшам ауданына баратын жол бұрынғы сырғыманың орнына салынғандықтан, жауын-шашын салдарынан опырылып, түсіп кетті. Қазір бұл ықшам ауданға адамдар уақытша айналма жолмен барып жатыр. Біз қазіргі таңда жолдарды, өзендерді лайдан тазалау жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп жатырмыз», - деді Р. Әміржанов.
Айбота Жаппарберген
Фото: inform.kz