2016 жылы Павлодар облысының аумағында 258 өрт тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артқаны байқалады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы «Павлодар облысының аумағындағы өрт пен құқық бұзушылықтардың алдын алу, шомылу маусымының басталуы» тақырыбында БАҚ өкілдерімен өткізген брифинг барысында өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Серік Ысқақов мәлім етті.
- Биылғы жылы өрт қауіпі бар кезең 1-сәуірден басталды. Ауа-райының күрт жылуы елді мекендер мен аумақтарда орман мен өсімдіктердің тұтануына әкелді. Биылғы жылы өрттен болған материалдық шығын 29 млн 659 мың теңгені құрады. Өткен жылдың ұқсас кезеңінде тілсіз жаудың салдарынан келтірілген шығын 23 млн 910 мың теңге көлемінде болған. Тұрғын үй секторында өрттің шығуына тұрғындардың отты абайсыз қолдануы және пешті, электр құралдарын орнату, пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуы себеп болады. Ал, орман дала аумақтарында көбінесе тұрғындардың қоқысты жағуы, темекіні сөндірмей тастауы, алқаптарда шөпті өртеуі, ұшқын сөндіргішсіз тракторлардың кесірінен төтенше жағдай орын алып жатады, - деді Серік Ысқақов.
Басқарма бастығының айтуынша, тексеру іс-шаралары барысында шөпті өртегені үшін және өрт қауіпсіздігі талабын сақтамағаны үшін бес адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 39425 теңге сомасына айыппұл салынған.
Фото: pavlodarnews.kz