2007-2015 жылдар аралығында Қазақстанда медициналық кадрлар жетіспеушілігі 34%-ға төмендеді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі. Бұл туралы zakon.kz, primeminister.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап жазады.
«Денсаулық сақтау жүйесін мамандармен қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 2007-2015 жылдар аралығында Қазақстанда республикалық және аймақтық деңгейде медицина кадрларының жетіспеушілігі 34%-ға немесе 2 мыңнан астам адамға азайды. 2005-2010 жылдар аралығында медициналық ЖОО-да түлектер санын арттыру барысында барлық мамандықтар бойынша дәрігерлер жетіспеушілігі төмендеді», - деп мәлімделген ведомство хабарламасында.
Осылайша, аймақтарды медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және медициналық ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру мақсатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі келесі кешенді шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, ҚР ДСӘДМ бастамасымен 2011 жылы «Білім туралы» ҚР Заңына медициналық мамандықтар бойынша мемлекеттік бюджет есебінен білім алған түлектердің 3 жыл ішінде міндетті түрде жұмыспен өтеуі туралы норма енгізілді. Жоғарыда аталған түзетулер күшіне енгеннен кейінгі медициналық ЖОО-на түскен студенттердің алғашқы түлектері 2019 жылы оқуларын аяқтайды.
Бұдан өзге, облыс, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктерімен денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштердің жетістіктері, оның ішінде дәрігерлік кадрлардың жетіспеушілігін төмендету бойынша 2013-2016 жылдарға арналған меморандумдар жасалды.
«Жыл сайын еліміздің барлық медициналық ЖОО-да ҚР ДСӘДМ, облыстық, Астана және Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармалары өкілдерінің, медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерінің және түлектердің қатысуымен бос орындар жәрмеңкелері өткізіледі. Оның нәтижесінде жас мамандар еліміздің өңірлеріндегі медициналық ұйымдарға жұмыс істеуге жіберіледі; медициналық ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру мен оларды өңірлерге бөлу бойынша жыл сайынғы ҚР ДСӘДМ жол картасына сәйкес жас мамандарды бекітуді жеке-жеке бақылау жүзеге асырылуда», - деді министрлікте.
Естеріңізге сала кетейік, медициналық кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін шешу - ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасының аясындағы ҚР ДСӘДМ жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады.
Фото:today.kz