Алматыда республикалық «Ұлы Дала ойындары» фестивалі өтеді. Байқаудың шарттары туралы «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплині кешенінде əкімдік пен ұлттық спорт қауымдастығы өкілдері айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
28 мамырда Алматыдағы орталық ипподромда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойлары қарсаңында және «Спорттық Алматы» бағдарламасын дамыту мақсатында ұлттық спорт түрлерінен Республикалық «Ұлы Дала ойындары» І фестивалі өтеді.
Атап айтқанда, ұлттық спорттың 8 түрі бойынша: 25 шақырымдық аламан бәйге, көкпар сайысы, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, тоғызқұмалақ, асық ату ойыны, жамбы ату түрлерінен бәсеке ұйымдастырылса, осы мерейлі мерекенің көрермендері іс-шара барысында қолына құс қондырған құсбегілердің де еркін қимылын тамашалай алады.
Сайысқа қазақ елінің тұңғыш астанасы атанған Орынбор қаласының, екінші астанасы Қызылорда қаласының, сондай-ақ, Алматы және Астана қаласының құрама командалары, барлығы 150 адам қатысады.
Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наиль Нұровтың айтуынша, халық арасында ұлттық спорт түрлерінен турнирлер сирек өткізіледі. Қала әкімдігі бұл олқылықтың орнын жойып, республикалық турнирді жыл сайын өткізіп тұрмақ.
«Ұлы дала ойындары Алматыдағы ұлттық спорт түрлерін дамытудың алғашқы қадамы. Жақында Алматыда қазақ күресінен турнир өтті. Өте үлкен қызығушылық болды. Қала билігі қазақ спорт түрлерін дамытуға, жаңғыртуға барын салады», - деді Н.Нұров.
Гүлмира Ғосманәли
Фото: yvision.kz