Алматыдағы Алмалы ауданының тұрғындары арық жүйесінің жоқтығын айтып, дабыл қақты. Қаланың қақ ортасында тұрса да, жауынды күні тұрғын үйді су басады. Ал бар проблема 70 метрлік арықта болып тұр. Дәлірек айтқанда, құрылысы аяқталмай қалған арықтан шыққан, деп жазады «Алматы» телеарнасы.
Алматыдағы Алмалы ауданында тұратын Мәлік Суалировтың отбасы жаңбыр жауған сайын үрейде. Үй маңындағы арықтың аты бар да, заты жоқ. Тура осы қызыл қақпалы баспанаға жеткенде, арықтың құрылысы тоқтап қалған. Содан бері, суағар толса болды, жауынның бар суы төңірекке жайылады. Тұрғындардың бұған еті үйреніп кеткен. Көктем шығысымен, құм толы қапшықтарды даярлаймыз дейді.
"Біздің жертөлені осымен екінші рет төбеге дейін су басып отыр. Өзіміз қолдан келгенше тазаладық. Қиын жағдайдамыз. Арық жүйесін салып бермесе, үйдің іргесі отырып, тіпті құлауы мүмкін. Мұнда қаншама отбасы тұрады. Бәріміз баспанасыз қалғамыз келмейді",- деді Мәлік Суалиров.
Жыларман жағдайда жеткен тұрғындар редакциямызға толассыз жауын жауған сәттегі қиналыстарын түсіріп жіберіпті. Енді олар күнде ауа райын қадағалауға көшкен. Синоптиктер болжаған нөсер мамыр соңында құйса, жағдай сол қалпы қайталанарына сенімді.
Арық проблемасын өз беттерінше шеше алмайтын тұрғындар тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Мақсаттары - біреу. Арық жүйесі салынса дейді. Бұлар арықтың төменгі сағасында тұратындар. Қызыл суды тізеге дейін кешетін де осылар.
"Әкімдіктегілер әйтеуір осы жерге дейін жеткізді де қойды. Енді жаңбыр жауған сайын құрал-сайманды дайындап отыратын болдық. Осы жерге арық салып берсе екен. Жыл сайын су кешкіміз келмейді",- деді Владимир Кольцов.
Алмалы ауданының атқамінерлері бұл мәселеден хабардар. Тек қалалық әкімдікке қол жайып отыр. Егер қаражат бөлінсе, ұзындығы 70 метрге жететін арықты тез салып бермек. Суағар бұрынғыдай Мақатаев пен Жұмалиев көшелерінің қиылысында тұйықталып қалмай, ары қарай Райымбек даңғылына қарай өтеді. Осылайша, жылдар бойы қордаланған мәселеге нүкте қоюға болады.
"Мұндай су басатын арықтар емес, негізі бізде қалалық әкімдікке 24 мекенжай бойынша тізім жіберілген. Қаражат бөлуді сұранысымен жіберілді. Бұл мекенжай бойынша біздің «Алматы тазалық» мекемесінің су сорғыш аппараты сол жерге қойылады. Біз ол мекенжайды бірінші ретте жаңбыр жауа салысымен, сол жерді қадағалауда бақылауда болып тұрады",- деді Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов.
Қаржы бөлінісімен, құрылысты жүргізетін мердігерлер арасында тендер жарияланады. Ұтқан компания су кешуден қажыған тұрғындардың түйіткілін шешіп береді. Аудан әкімдігінің ресми жауабы осындай.
Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев
Фото:kanalizaciya-expert.ru