Елімізге 100 млрд доллар көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр

Исекешев инвесторлардың назарын қазақ экономикасына барынша аударуды сұрады. Өйткені, «Қазақстан сенімді әріптес».

Қазақстан экономикасына алдағы 10 жылда шетелден 100 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл туралы еліміздің Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Астана экономикалық форумында мәлімдеді, деп жазады 24.kz арнасы.

Еліміздің бас шаһарында бүгін күн райы өте тамаша. Елордадағы шуақты күн Астананың жылы лебізін білдіріп тұрғандай. Осылайша бас қала шетелден келген 5 мың мейманды құшақ жая қарсы алып отыр. Демек, қонақтардың көңіл-күйлері жадыраңқы болса керек. Бұны мен текке айтып тұрғаным жоқ. Өйткені, форумға қатысушылардың ішінде әлеуетті инвесторлар бар. Олардың көтеріңкі күйлері бүгінгі алқалы жиыннан алатын әсеріне оң септігін тигізбей қоймайды. Еліміздің инвестициялық тартымдылығы туралы осындағы сессиялардың бірінде Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев әңгімеледі. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан экономиканы әртараптандыру саясатына көшкенін тілге тиек етіп, бұл 2008-2009 жылдардағы дағдарысқа деген жауап болғанын айтты.

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Ол кездері тау-кен өндірісі мен мұнай секторларының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 20%-ды құрады. Ал өңдеу өнеркәсібі құлдырап қалды. Бес жылда, яғни 2015 жылға қарай бұл сала дамып, жалпы ішкі өнімде 10%-дық деңгейде тұрақтады. Есесіне 2 мыңнан астам кәсіпорын ашылып, 200 мың жаңа жұмыс орны пайда болды.

Бұл бір. Ол жылдары Индустриаландыру бағдарламасын қабылдағанымыз баршаға мәлім. Егер оған дейін бізде «Тотал», «Шеврон», «Бритиш газ», «Шелл» секілді шикізат компаниялары ғана жұмыс істесе, соңғы алты жылда Қазақстан нарығына «Форбс» тізіміндегі 30 трансұлттық компания келді. Осылайша өңдеу өнеркәсібіне 20 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы салынды. Сөз соңында министр Исекешев инвесторлардың назарын қазақ экономикасына барынша аударуды сұрады. Өйткені, «Қазақстан сенімді әріптес» екенін айтты.

Жасын Біркенов

Фото: bnews.kz

Следите за новостями zakon.kz в: