Өз сөзінде Үкімет басшысы көне Жібек жолы әр түрлі өркениеттерді, халықтарды, мәдениеттерді және діндерді байланыстырған бірегей көпір болғанын айтып өтті. Бұл туралы zakon.kz, primeminister.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме беріп хабарлайды.
«Жібек жолы тек сауда-саттықты ғана дамытып қойған жоқ. Ол сол кезеңдегі алдыңғы қатарлы тәжірибенің, жетістіктер мен білімнің алмасуын ынталандырып, ғасырлар бойы «Үлкен» Еуразиядағы бейбітшілік пен сұхбаттастықтың нығаюына септігін тигізді. Соңғы онжылдық бойы Азияның дамуы азиялық өңір ішіндегі, сонымен бірге Азияның Еуропамен және Америкамен барынша тығыз өзара іс-қимылының қажеттігін көрсетті», - деп атап өтті К.Мәсімов.
Осы ретте ол «Бір белдеу - бір жол» жобасын құру бастамасын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Назарбаев Университетінде дәріс оқу барысында ұсынғанын еске салды. Бұл идеяны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қолдады.
«Менің ойымша, «Бір белдеу - бір жол» жобасы 21 ғасырдағы ең ірі жобалардың біріне айналады. Ол Жер шары халқының шамамен төрттен үшін байланыстырып, біріктіреді. Жаңа трансшекаралық алыс-беріске, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастыққа септігін тигізетін өзара іс-қимыл мен кооперацияның мүлдем өзге жүйесін құрады. Демек, біздің елдеріміздің әртараптандыра түседі», - деп есептейді Кәрім Мәсімов.
«2014 жылы Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатты ұсынды. Бұл бағдарлама біздің жаһандық өсім қарқынының төмендеуі мен мұнай бағасының арзандауына негізделген жаңа экономикалық шынайылыққа жауабымыз болды. Бағдарламаның мақсаты - Қазақстан экономикасын жаңғыртуды жалғастыру және оны жаһандық экономиканың жаңа бағыттарына бейімдеу», - деп баса айтты Премьер-Министр.
Сондай-ақ, Кәрім Мәсімов ЕАЭО пен «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын түйіндестіріп, дамыту Тұжырымдамасы жақында Ереванда өткен Еуразиялық Үкіметаралық кеңес барысында талқыланғанын айтты.
«Тұжырымдама мен әдістер мақұлданды. Келесі аптада Астанада өтетін ЕАЭО Мемлекет басшылары кеңесінде бұл шешімдер қорытынды мақұлдауға енгізіледі», - деп қосты К.Мәсімов.
«Қазақта «алыс жол алғашқы қадамнан басталады» деген жақсы бір нақыл сөз бар. Бұл мақал Еуразияның көптеген елдерінде кездеседі. Ұлы Жібек жолын қалпына келтіруде алғашқы қадамдар жасай отырып, біз бірлескен даму мен гүлденуге жол ашамыз», - деп түйіндеді Үкімет басшысы.
Фото: nb.kz