Оралда қос күйші Құрманғазы мен Динаға ескерткіш орнатылады

Бұған қоса, қазақтың үш батыр қызы –Хиуаз Доспанова, Мәншүк Мәметова және Әлия Молдағұловаға ескерткіш орнатуға қаражат бөлу мәселесі шешіліп жатыр.

Оралда күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы мен оның дарынды шәкірті Дина Нұрпейісоваға ескерткіш орнатылады, деп хабарлайды BNews.kz.

Мәдениет басқармасындағылар ұлы музыканттар Дина мен Құрманғазыға ескерткіш орнату баяғыдан ой түпкірінде жатқан идея екенін айтты. Жобаны жүзеге асыруға қажетті қаржы тек жақында ғана бөлініпті.

«Биыл күй анасы Дина Нұрпейісованың туғанына 155 жыл толады. Батыс топырағында дүниеге келген күйшіге ескерткіш орнату барша батысқазақстандықтарға тамаша сый болмақ», - деп мәлім етті БҚО Мәдениет басқармасы бөлімінің бас маманы Гүлмира Қаланова.

Тарихи-мәдени мұраны қорғау инспекциясынан атап өткендей, былтыр облыста 6 ескерткіш орнатылған. Құрманғазы мен Динаға орнатылатын монумент облыс орталығының сәулеттік ансамблін көріктендіре түспек.

«Республикалық комиссия мүсінші Мұрат Мансұровтың ескерткіш жобасын бекітті. Архитектуралық композицияға сәйкес, қазақтың қара домбырасын қолына ұстап отырған Құрманғазының қасында шәкірті Дина тұр. Ескерткішті дайындау мен орнатуға облыстық қазынадан 67 млн теңге бөлінді», - деп атап өтті БҚО тарихи-мәдени мұра инспекциясының инспекторы Ерлан Орынбасаров.

Бұған қоса, қазақтың үш батыр қызы –Хиуаз Доспанова, Мәншүк Мәметова және Әлия Молдағұловаға ескерткіш орнатуға қаражат бөлу мәселесі шешіліп жатыр.

Фото: bmtv.kz

Следите за новостями zakon.kz в: