Көкшетаулық 70 жастағы ардагер спортшы Еуропа чемпионатынан 2 «алтын» жүлдемен оралды, деп жазады ҚазАқпарат.
Португалияның Порто қаласында кір тасын көтеруден қос сайыс бойынша жасөспірімдер, ерлер мен әйелдер және ардагерлер арасында Еуропа чемпионаты мен студенттер арасында 6-шы Әлем чемпионаты өтті. Байрақты жарысқа әлемнің 14 елінен барған әр жастағы 140 спортшы қатысты.
Оның ішінде Көкшетау қаласынан барған 70 жастағы ардагер спортшы Борис Нұғыманов сәтті өнер көрсетіп, тік және жұлқа көтеру әдісі бойынша бірінші болып, екі «алтын» медальға қол жеткізді.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының мәліметі бойынша Бористің бұл алғашқы жеңісі емес, ол осыған дейін ардагерлер арасында өткен талай халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Бұл жолы да ол өзінің мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Аслан Оспанов
Фото: www.inform.kz