Келер айда Алматыда жылу желілерін жоспарлы жөндеу жұмыстары басталады. 2016 жылы қалада жалпы ұзындығы 16 шақырымдық желі қайта жөнделмек. Маусымдық науқанға байланысты энергетиктер бірнеше ауданда уақытша ыстық су болмайтынын ескертті, деп жазады Алматы телеарнасы.
«Қыстың қамын жаз ойла». Осыны діттеген мамандар шаһарда жылу жүйелерін ауыстыруды бастауға тас-түйін дайын. Бірақ биыл былтырға қарағанда бұл жұмыс кешірек басталды. Оған Алматыда көктемнің жауын-шашынды болғаны басты себеп. Жоспар бойынша 2016 жылы 16 шақырым жылу желісі қайта жөнделеді. Әкімдік қаражатынан 8 шақырымды құрайтын 7 жоба жүзеге асырылса, жылу беретін мекеменің өз қаржысы есебінен басқа 8 шақырымды құрайтын тағы 7 жоба іске асырылады. Жалпы жұмыс құны 5 жарым млрд теңгеге жуықтайды. Жөндеуге байланысты тұрғын үйлерде уақытша ыстық су өшіріледі. Дегенмен энергетиктер тиімді шешім тауып, судың көзін ертерек қосуды қарастырамыз дейді. Тек тұрғындар түсіністік танытса болғаны.
"Жылу желілерін жөндеу жұмыстары жыл сайын жүргізіліп келеді. Біз әлеуметтік маңызы бар нысандарды ыстық сусыз қалдырмаймыз. Қазір аталған жалпы 14 жобадағы участоктардың 7-уі уақытша ыстық сусыз қалуы мүмкін. Бұл техникалық себептерге байланысты туындайтын қиындық. Бірақ су өшірілер алдында тұрғындар алдын ала ескертіледі. Тіпті, аталған жұмыстарға пәтер иелері кооперативтері мен жергілікті аудандық әкімдіктердің мамандары тартылады. Жұмысты ескертусіз бастамаймыз",- деді «Алматы жылу жүйелері» ЖШС бас директоры міндетін атқарушы Әрсен Хасенов.
Алматыдағы мына көшелерде жылу желілері толықтай ауыстырылады. Ескерте кетейік, Қабанбай батыр мен Бұхар жырау және Байзақов пен Қожамқұлов көшелері аралығында, кейін Қарасай батыр мен Аносова және Тұрғыт Өзал мен Дүйсенов көшелері, Сайые мен Жұбанов және Алматинская мен Толстой көшелері, сондай-ақ Абай даңғылы мен Алтынсарин және Қуанышбаев көшелері аралығында орналасқан жылу желілері қайта ауыстырылады. Тағы бір айта кететіні, жөндеу жұмыстарының сапасын қаладағы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы қатаң бақыламақ.
"Бұл жұмыстарды атқару біздің міндетіміз болғандықтан, аталған жұмыстардың сапалы жүргізілуін қатаң қадағалаймыз. Кейін жерді қазып, оны жөндемей кететін мердігер мекемелерге заң тұрғысында шара қолданылады. Жоспарға алынған жұмыстар уақытылы аяқталады деп ойлаймыз. Жөндеу жұмыстары маусымда басталып, жылу маусымы қарсаңында, яғни қазан айына дейін толықтай аяқталады",- деді Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Аманғалиев.
Көшелерді қазуға байланысты жолаушылар көлігінің бағыты де өзгеруі мүмкін. Қоғамдық көліктер бағыты жөндеу жұмыстары басталар уақытта белгілі болады. Жабылған көшелер мен қоғамдық көліктердің қосымша бағыттары жайлы ақпарат шаһардың Әкімшілік полиция басқармасының және Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының сайтында жарияланады.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов
Фото: gorizontalnoeburenie.ru