Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «аса ірі көлемде ұрлық жасау» фактісі бойынша екі жасөспірімге қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Іс материалына сүйенсек, 17 және 15 жастағы қос жасөспірім өздерін танитын кәмелетке толмаған қыздың пәтерінде ақша бар екендігін біліп алып, ұрлық жасамақ болған. Өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асыру мақсатында олардың біреуі бойжеткеннің көңілін аулап тұрған. Ал, екіншісі кіреберістің есігін ашатын кілтті ұрлап алып, түпнұсқасын жасатқан. Келесі күні пәтер иесі мен қыздың үйде жоқтығын пайдаланып, пәтерден 11 мың АҚШ долларын (3 377 880 теңге) қолды қылған.
Осылайша, олар ұрланған ақшаға өздерінің аналарына алтын бұйымдар мен бағалы тондарды сыйға тартқан. Бұған қоса, даяшыларға 100 доллардан таратып, қымбат киімдер мен сағаттар сатып алған және монша, пәтер жалдаған.
- Сот үкімімен жасөспірімдердің екеуі де «аса ірі көлемде ұрлық жасау» фактісі бойынша сотталды. Олардың біреуі ҚР ҚК-нің 63-бабы бойынша шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айырылды. Дәл осы үкіммен ҚР ҚК-нің 55 бабы, 4-бөлігіне сәйкес екі жылға екіншісінің бас бостандығына шектеу қойылды. Сонымен қатар, екі жасөспірімнің өкілдерінен 3 377 880 теңге мөлшерінде материалдық залал өндірілді, - деді облыстық соттың ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Жанар Жұматаева.
Фото: news.bigmir.net