Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-ші бөлігінің 3-ші тармағы (аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын заңсыз иемдену, сақтау және өткізу) бойынша айыпталған Ц.-ға қатысты іс қаралып, аяқталды, - деп хабарлады ҚазАқпарат, Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.
Сот үкіміне сәйкес, 2016 жылы 8 ақпанда кешкі сағат 20.00 шамасында Ц. есімді азамат Әуезов ауданы аумағында И. есімді азаматқа 29,95 грамм марихуана есірткі затын 5 000 теңгеге сатқан. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері куәгерлердің қатысуымен сотталушының пәтерінде тінту жүргізу барысында 47,96 грамм марихуана, полиэтиленді пакетке салынған ұнтақ тәрізді 369,13 грамм гашиш тапқан.
Сотталушы Ц. сот отырысында кінәсін жартылай мойындап, сотқа есірткі заттарын өзіне, яғни бас ауруын басу үшін қолданғанын түсіндірді.
Соттың үкімімен Ц. ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-ші бөлігінің 3-ші тармағымен кінәлі деп танылып, қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленіп, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ол енді жазасын қатаң режімдегі түзету колониясында өтейтін болады.
Айбота Жаппарберген
Фото: altaynews.kz