Алматыда бірнеше ірі көше қаланың сыртына дейін созылады

Инженерлік желілер толық тартылған соң, әлеуметтік нысандар құрылысы басталады.

7 мың гектар аумағы бар Наурызбай ауданының 153 гектарында қарқынды құрылыс жүріп жатыр. Әкімшілік ғимараттардың, көпқабатты үйлер мен күре жолдың құрылысын толыққанды қолға алу үшін аумақтың 200 гектарына инженерлік желі тартыла бастады. Күні кеше қала әкімі құрылысы басталған бірнеше нысанды аралап, оң бағасын берген-ді. Құрылыс саласына жауапты мамандар мен аудан әкімдігі аталған аумақтағы жұмыстың жай-жапсарын тілге тиек етті, деп жазады Алматы телеарнасы.

Наурызбай ауданы қалаға қосылғалы бері өркениеттің тағы бір баспалдағына шықты. Ауданның дамуы қаланың бас құрылыс жоспарына еніп, болашақ келбеті бекітілді. Қазір қаланың батысында құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. 153 гектар аумаққа мектеп, емхана, ішкі істер бөлімі, прокуратура және сот ғимараттары салынады. Оған қоса, 500 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй кешені де осы маңда бой көтереді.

"Аудандағы алғашқы құрылыс жұмыстары 1200 орындық мектеп, 500 орындық емхана мен ішкі істер бөлімі ғимаратынан басталды. Себебі әкімшілік және әлеуметтік нысандар ауданның дамуында өте маңызды. Сонымен қатар, мұндағы кез келген құрылыс жұмысы басталу үшін инженерлік желі тартылу керек. Жылу мен кәріз құбырлары қазылуда",- деді Алматы қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Асқар Мапаев.

Қаладағы ірі күре жолдар жаңа ықшам ауданға дейін тартылады, яғни, Абай даңғылы, Жұбанов, Төле би және Жандосов көшелері қаланың батысына дейін созылады. Қазір ол аумақта инженерлік желі мен жылу құбырларын тарту жұмыстары басталды. Мұнда жылдам рельсті қоғамдық көліктер мен троллейбус жолы да салынады.

Сонымен қатар, ауданның бір бөлігін жылумен қамтамасыз ету жұмыстары да басталды. 200 гектар аумаққа жылу құбырлары тартылуда. Ол бірнеше жыл бұрын салынған дайын қазандыққа қосылмақ. Яғни, алысқа барудың жаңа қазандық салудың қажеті жоқ.

Аумақты қалалық өмір сүру деңгейіне дейін көтеріп, интеграцияланған қала жобасын іске асыру да қарастырылған. Мұнда сауда, ойын-сауық орталықтары, спорттық нысандар мен қызмет көрсететін мекемелер де бой көтереді.

"Мұнда жекеменшік телімдер көп. Мысалы, кәсіпкерлер тұрғын үй кешенін салуға дайын. Сондықтан 153 гектар аумақты толықтай қажетті инженерлік желімен қамтамасыз ету керек. Содан кейін ғана жол мен көпқабатты үйлер тұрғызылады",- деді "Алматы гипрогор" институтының бөлім басшысы Алтай Сатыбалдиев.

Инженерлік желілер толық тартылған соң, әлеуметтік нысандар құрылысы басталады. Оған қоса биыл 100 мың шаршы метрді құрайтын көпқабатты үйдің де құрылысы іске қосылады.

Аршын Кемелжан, Ялкунжан Әшімжанов

Фото: www.almaty.tv

Актау Актобе Алматы Кызылорда Нур-Султан Семей
Следите за новостями zakon.kz в: