Алматыда заңсыз салынған құрылыс нысандары жойылуда. Абай даңғылы бойында орналасқан заңсыз тамақтану орны сүрілді. Алматылықтар арасында дөнер орталықтарын алып тастау туралы сот шешімі өткен жылы шыққан. Кәсіпкерлер құзырлы орындардың талабын қаперге алмапты, деп жазады Алматы телеарнасы.
-Я уже аренду всю оплатила. Почему я должна отсюда уходить?.
-Можете на него в суд подать. Сколько людей тут работает, вы же видите.
-Он знает постановление суда. Он не явился.
-Вы нам дайте отсрочку какую-то.
Бұл алматылықтардың сүйікті орнына айналып кеткен дөнер орталығының иесі. Абай даңғылы мен Манас көшесінде орын тепкен нысанның қызмет көрсетіп келе жатқанына 10 жылдан асқан. Дәмхананы жалға алушы үшін тамақтану орнының сүрілетіні күтпеген жаңалық болды. Құзырлы орын өкілдерінің айтуынша, тұрғын үйге жапсарлас орналасқан тамақтану орнының заңсыз екендігі туралы ескерту жасалған. Нысан иесі бұл жағдайға байланысты ескерту алған. Бірақ жалға алушы кәсіпкер бұл ақпараттан бейхабар болып шықты.
Дөнер орталығына тексеру тұрғындардан түскен шағымнан кейін жүргізілген. Мұндай операциялар қала тұрғындарының көңілінен шыққанымен, кәсіпкерлерге жақпады. Жалпыға ортақ жерді басып алып, бизнеске айналдырғандардың майлы шелпек болып отырған көшеден кеткілері жоқ.
Заңсыз нысан иесі, тіпті төбесін көрсетпеді. Талай жылдан бері табыс көзіне айналып отырған орынның қирандыға айналуын тек жалға алушылар ғана көрді. Қанша қарсылық білдірсе де, нысанның бәрібір сүрілетініне көзі жеткен кәсіпкер жиһаз бен өзге де заттарын шығарып, орынды босата бастады. Тіпті, сусындарын тегін үлестірді. Кейін бульдозер жұмысына кірісті.
"2015 жылдың 29 шілдесінде мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен заңсыз салынған нысанды, қосымша құрылысты бұзу туралы қаулы шыққан. Алайда бүгінге дейін сот шешімін орындамай келеді. Сол себепті мәжбүрлі түрде біз сот шешімін орындатып жатырмыз, сот орындаушыларымен бірге".
Алдағы уақытта жалға алушылар нысан иесін сотқа бермек. Себебі олар бір жылдың ақысын төлеп қойдық дейді. Бүгінгі таңда мәжбүрлі түрде сүріп тастау жөнінде заңды күшіне енген 16 іске сот шешімі шыққан. Олардың ішінде бөлек тұрған ғимарат және тұрғын үйлерге жапсарлас салынған орындар да бар.
Фото: www.kn.kz