Шымкентте тұрғызылуы тиіс 1,5 мың орынға арналған заманауи колонияның жобалық-сметалық құжаттарын рәсімдеу аяқталып келеді. Дәл осындай үлгіде Астана, Петропавл, Қызылорда, Қарағанды және Оралда ғимарат салынады, деп жазады 24.kz арнасы.
Ол үшін жер телімдері де бөлінген. Бұл жөнінде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрлігінің өкілдері айтты. Жазасын өтеушілердің азаюына байланысты министрлік бірнеше мекемені жабу туралы шешім қабылдаған. Соңғы 1,5 жылдың ішінде үш колония оңтайландырылыпты. Ал жылдың соңына дейін тағы 6 нысан жабылады. Есесіне, оқшаулау, түзету мекемелеріндегі жағдай оңалады. Айталық, сотталған ер адамды қамау үшін 2,5-3,5 шаршы метр берілсе, әйелдер үшін 4 шаршы метр тиесілі. Айта кетейік, бұл жаңа ереже болып отыр. Бүгінде бір жазасын өтеушіге жылына мемлекет 776 мың теңге шығындайды. Ал, атышулы электронды білезіктер жобасы үшін 2014-2015 жылға бюджеттен 2 млрд 400 млн теңге қаржы бөлінген.
Алмас Садубаев, ҚР Ішкі істер министрлігі мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры:
- Ең бастысы, ол білезікті серверлік қамтамасыз етуіміз керек. Ол үлкен бағдарлама болып табылады. Азаматқа тағуға ыңғайлы болуы керек. Ол еркін алып тасталмауы керек. Кейбір азаматтарға үйінен шығуға тыйым салынған. Осы жүйе арқылы біз қадағалап отырамыз.
Фото: focus.ua