Өткен жылы алимент төлемеген 61 адам сот алдында жауап берген. Ал 7882 борышкер нормативтік қаулы бойынша ақталған. Бұл туралы Мəжілісте «Жеке орындау институты жəне оның Ұлт жоспарының 27-қадамын іске асыру аясындағы дамуы» тақырыбында өткен Үкімет сағатында ҚР Əділет министрі Берік Имашев мəлімдеді, деп хабарлайды Bnews.kz.
Министр алиментті өндіріп алушылардың жағдайын жеңілдету мақсатында өзгерістер жасалғанын баса айтты.
«Алиментті өндіріп алушылардың жағдайын жеңілдету мақсатында айыптау жекеше нысаннан жекеше-жариялы нысанға ауыстырылды. Яғни, бұл баланы асырау қамымен жүрген әйелдер борышкердің соңынан жүгіріп, полиция мен соттың табалдырығын тоздырмауы үшін жасалған», - деді Берік Имашев.
Сонымен қатар, Берік Имашев борышкерлерге қатысты жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанын айтты.
«2015 жылы ішкі істер органдарының жеке сот орындаушылары дайындаған 8 487 материалдың 104-і немесе 1,2%-ы сотқа жіберілген. Ол бойынша 61 адам немесе 0,7%-ы сотталды. Ал қалған 7 882 борышкерге (93%) қатысты істер тоқтатылды», - деді министр.
Фото:today.kz