Күні бүгінге дейін Сарыағаш ауданында 21550 гектар жерге шегірткіге қарсы дәрі шашылған. Оның 9750 гектары микрон және тракторлармен дәріленсе, 11 мың гектардан астам жерге ұшақпен шашылған, деп хабарлайды BNews.kz.
Жалпы мамандар Сарыағаштағы 14,4 га жерді зерттеген. Алайда зиянкестер тараған аумақ 7 мың гектарға асып түсіпті. Бұл жерлерді өңдеу жұмыстарына 2 дельтоплан, 2 ұшақ, 4 УАЗ автокөлігі, 8 трактор, 1 пушка аппараты қондырылған ВАЗ-66 көлігі жұмылдырылған. Сонымен қатар, осы көктемде Шардара ауданында 4750 га жер залалсыздандырылған. Соған қарамастан шегіртке шаруаларды әбігерге түсіріп жатыр. Әсіресе қауын-қарбыз алқабының шаңын шығарыпты.
«Әр гектарға 800 мың теңгедей шығын шығарып едік. Дала жұмыстарына қыс айларынан бастап дайындалғанбыз. Тұқымды қаңтар айында үйге жайғастырып, кейін күн жылығанда егістікке әкеліп сепкен едік. Сонша еңбек, сонша шығын жоқ боп кетті қазір»,- дейді диқан Бауыржан Маңқараев.
«Біз арнайы дельтоплан шақырттық. Ол әр ұшқан сайын 2 сағаттың ішінде 200 гектар алқапты залалсыздандырып жатыр. Біздегі шығын көлемі 10 гектар жерге жетеді.Яғни, 10 га егіс алқабы залалсыздандырылған. Биыл енді өңірімізде жаңбыр мол жауып, ылғал көп болды. Оның үстіне қыс та қатты болған жоқ. Сондықтан ғалымдар тұқымның дамуына ауа райы қолайлы болды деп топшылап отыр»,-дейді Шардара ауданының әкімі Арман Абдуллаев.
Фото: news.ivest.kz