7 маусымнан бастап Алматы әуежайында қауіпсіздік шаралары едәуір күшейтілді. Әуежайдың жолаушылар терминалына кіретін барлық жолаушылар тексеруден қатаң өткізіліп жатыр. Күшейтілген қауіпсіздік шараларына байланысты әуежай қызметкерлері жолаушылардан ертерек келулерін сұрап отыр. Дәл осындай жағдай Алматының қос темір жол вокзалдарында да байқалды. Шойын жол бекеттерінің бас қақпасынан басқа жерлердегі есіктердің барлығы тарс жабылып, 2 үлкен темір іздегіш құрал қойылды. Қазір "Алматы-1" темір жолында 7 әскери күзет бекеті, ал "Алматы-2"темір жолында 4 бекет қалтқысыз қызмет істеуде. Олар сырт келбеті күдік тудырған адамдарды қадағалап, жолаушылардың сөмкелерін тексереді.
Алматы қаласындағы қауіпсіздік шарасы ауруханалар мен метро бекеттерінде қолға алынды. Кешелі бері әр метро бекетіне тәртіп сақшылары күзетке қойылып, жолаушылардың үлкен сөмкелері жіті назарға алынды. Тексерушілер ең әуелі суық қарулар мен жарылғыш, сондай-ақ химиялық заттардың бар-жоғын бақылайды.
"Біз сол заттарды өткізбес үшін келушілерге айтып түсіндіреміз. Ондай заттар алып өтуге болмайды, осындай заттарды болмайды деп. Ал, егер де бір пышақ, кастет немесе травматикалық қару болса, оны біз полиция қызметкерлеріне дереу өткіземіз",-деді Алматы «Метрополитен» кәсіпорны көлік қауіпсіздігі қызметінің басшысы Сайдығазы Орынбасаров.
Содырлар сойқан салған Ақтөбе қаласында қазір лаңкестіктің «қызыл» деңгейі жарияланып, қауіп-қатер белгіленді. Ал, өзге өңірлерде лаңкестік актінің болатындығы туралы ақпарат расталса, онда «қызғылт-сары» деңгей енгізіледі. Кешеден бері еліміз бойынша жарияланған террористік қауіптіліктің «сары» деңгейі террористік қауіп-қатер мен бұл жағдайда қажетті әрекет туралы тұрғындарды алдын ала ақпараттандыру үшін жасалуда. «Сары» деңгейі кезінде стратегиялық нысан мен тұрғындар жаппай жиналатын орындарда тексеру күшейтіледі.
"Мысалы айтатын болсақ, Ақтөбедегі лаңкестер машинамен Қызылордаға келуі мүмкін, ол ұшақпен басқа жерге баруы мүмкін. Ол жерде «қорыққанға қос көрінеді» дейді ғой, қалтасында мылтығы бар біреу ұстап келе жатыр екен деп, оны ата салуы мүмкін. Сондықтан бүкіл елімізде тыныштық болуы үшін осы "сары" деңгей жария етілді",- деді ҚР Генералдар кеңесінің президиум мүшесі Еркін Мұсабаев.
«Сары» деңгейдегі сақтық шарасы енді 40 күнге дейін созылмақ. Яғни, 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларында қадағалау қатаң. Көшеде құжат тексеру шаралары да темірдей тәртіпте өтуі мүмкін. Одан бөлек, қоғамдық орындарда да келушілер мен олардың көліктері мұқият тексеріледі. Ал, төтеншеліктер тұрғындарға техникалық заттар мен суық қарудан аулақ болып, күдікті адамдар байқаса, 112 хабарласуға кеңес беруде. Сондай-ақ жүргізіп жатқан тексеріс жұмысына халықты түсіністікпен қарауға шақыруда.
Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов
Фото:inform.kz