Ауыр жарақат алған қазақстандық футболшы Ұлан Қонысбаев әлі де Қытайда ауруханада жатыр. Спортшы командасын кезекті жеңісімен әлеуметтік желі арқылы құттықтап, бұл маусымда жасыл алаңға шыға алмайтынын жеткізді, деп жазады BNews.kz.
«Атырау» және «Оқжетпес» командалары арасындағы матчтан соң Ұлан Қонысбаев өзінің Instagram-дағы парақшасында командасын жеңісімен құттықтады.
«Командамды бүгінгі жеңісімен құттықтаймын. Атыраулық футболшыларға, жанкүйерлерге үлкен рахмет! Алғашқы алтылықтың қатарына енуге мүмкіндіктеріңіз бар. Мен оған сенемін. Жарақатым болмағанда, қазір сіздермен бірге жасыл алаңда ойнап жүрер едім. Өкінішке қарай, бұл маусымда сіздерге көмектесе алмайтын болдым. Бірақ сіздерге тілеулеспін. Алға, Атырау!», – деп келтіреді Қонысбаевтың сөзін «Атырау» футбол клубының ресми сайты
Айта кетейік, еліміздің премьер-лигасының 15-турдағы кездесуінде «Атырау» футболшылары көкшетаулық «Оқжетпес» командасын 2:1 есебімен ұтып, жеңіске жетті.
Естеріңізде болса, 27 жасар футболшы Ұлан Қонысбаев Далянь қаласында өткен Қазақстан мен Қытай арасындағы жолдастық кездесуде ауыр жарақат алып қалды. Спортшыға осындай қиын сәттерде дос қызы Ботагөз Балабекова қолдау жасауда.
Фото: www.kff.kz