Шымкенттік жеке кәсіпкер Оразкүл Бүкірова жібек құртын өсіруді қолға алды. Іскер әйел осылайша үзіліп қалған үрдісті қайта жандандырмақ, деп жазады 24.kz арнасы.
Кезінде Сайрам ауданында табысы көп осы кәсіппен біраз азаматтар айналысып, оны өндіретін орталық болмаған соң іс аяқсыз қалған еді. Жібек жіп иіретін цехы бар әйел енді бұл бастаманы соңына дейін жеткізем деп отыр. Тіпті мата және кілем тоқуды қолға алмақ. Сәтін салса, жібек матадан тігілген сәнді отандық өнімді киетін күн де алыс емес. Қолынан іс келетін кәсіпкер алдымен жібек құрттары жапырағын жейтін тұт ағашын көптеп егіп, арнайы плантация жасапты. Қазірдің өзінде 21 гектар жерге тұқымбақ әзірлеп үлгерген. Көшетті кейін сол жерден алып көбейте бермек әрі облыстың ауа райы да құрттың бұл түрін өсіруге өте қолайлы.
Оразкүл Бүкірова, кәсіпкер:
- Жібек дүние жүзінде өте қадірленеді, оны білесіздер. Жібектен жасалған маталар, жібектен жасалған бұйымдар көп жерде қолданылады. Ол қорғаныста, медицина саласында жібек талшық қолданылады.
Фото: kaztv.kaztrk.kz