Ер есімі ел есінде. Ерлігі 62 жылдан кейін ғана мойындалған Рақымжан Қошқарбаевты ұрпақ ұмыт қалдырмады. Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа ту тігіп, алғаш рет Ұлы Жеңістің жалауын желбіреткен батырдың еңбегін бүгінгі жастар үлгі тұтады. Өнер академиясының студенті тіптен дипломдық жұмысын Рақымжан Қошқарбаевқа ескерткіш қою тақырыбына арнаған, деп жазады Алматы телеарнасы.
Өнер академиясының 5 курс студенті Шах-Ахмет дипломдық жұмысын таңдау кезінде біраз ойланған. Қазақ елі үшін еңбегі сіңген, ардақты да дара тұлғалар аз емес. Бірақ көкейінде жүргені, ұзақ уақыт бойы зерттеп, зерделегені Рақымжан Қошқарбаев екен. Оны таңдаудағы ерекшелігі - атының жиі аталмауында."Сәл тасада қалып, лайықты бағасын ала алмай келе жатыр" - дейді студент. Бір білеріміз қазіргі таңда жауынгердің аты берілген көшелер мен шағын бюсттер ғана ел назарында. Алдағы уақытта үлкен ескерткіш бой көтерсе деген ойын да жасырмады. Дипломдық жұмысына әзірлеген мүсінге 4 апта уақытын сарп етіпті.
"Әртүрлі кейіпкерлер де болды. Мәселен, Батырхан Шөкенов, Қажымұқан сияқты. Мен өзім патриот болғандықтан, ұлттық қаһарман адамдарды жасағым келді. Ескерткішті 9 мамырдан кейін ойланып, нақты шешімге келдім. Жасауға 3 аптадай уақыт кетті. Іші пластилиннен жасалған. Қазір Рақымжан Қошқарбаевтың мүсіні жоқ, нақты үлкен монументалді мүсіндері жоқ Қазақстанда. Тек қана бюсттары ғана бар",- деді студент Шах-Ахмет Ермекұлы.
«Шындық қап түбiнде жатпайды». Расында 62 жылдан кейін Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен жауынгердің еңбегі мойындалды. Оған дәлел де бар. Қанды майдан жайлы үздіксіз хабар беруде Американың "The New York Times" газеті алдына жан салмады. 1945 жылы 1 мамырдағы нөмірінде "Кеңес қызыл туы Рейхстаг үстінде желбіреді" деген тақырыпта мақала жариялаған. Яғни, ешкім тізе бүктіре алмаған Германияның Рейхстагына Идрицк дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов 30 сәуір күні сағат 15.00-дер шамасында халық туын тікті деген хабарлама жер әлемге тарайды.
Соғыстан кейін есен-аман елге оралған жауынгер кейіннен 70 жылдардағы сәулет өнерінің озық үлгісі саналған "Алматы " қонақ үйін 20 жыл бойы басқарады. Ол тұста да өз міндетін тиянақты атқарып, істі дұрыс жолға қойған. Немересінің айтуынша, атасы өте ашық, жайдары адам болған.
"Иә, өкінішке қарай атам 88 жылы қайтыс болды, мен 1989 жылы туылдым, сөйтіп мен ол кісіні көре алмадым. Ол кісі есімде достарының арқасында қалды. Мәселен, оның соғыс кезінде кездескен достары немесе Екінші дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін Алматыда кездестірген достарымен қазірге дейін жақсы араласып тұрамыз. Ол кісі жалпы адам ретінде өте серпімді болатын және достықтын қадірін білетін, ашық адам болатын",- деді немересі Даурен Қошқарбаев.
Қазақ ұлының еңбегін жоққа шығаруға тырысқан сол тұстағы солақай саясат артта қалды. Тіптен, жақында Ресей Президенті Владимир Путинге Рахымжан Қошқарбаевқа "Ресей батыры" атағын беру туралы ұсыныс жасау қолға алынған болатын. Десек те бүкіл әлемді мойындатқан қазақ жауынгеріне өзге елде емес, өз елімізде күні бүгінге дейін лайықты ескерткіш орнатылған жоқ.
Лаура Алданазарқызы, Назым Мәлікқызы
Фото: www.shymkala.kz